Қазақстанда ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

    Тыштықбаев Баймұрат Қажмұратұлы, Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті Ядролық физикалық қауіпсіздік басқармасының басшысы.

    Қазақстан Республикасында атом энергиясын пайдалану технологиялары медицина, өнеркәсіп және ғылыми қызметті қоса алғанда, әртүрлі салаларда қолданылады. Ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін пайдалану олардың сенімді қорғалуын талап етеді, өйткені атом энергиясын пайдалану объектілерін заңсыз иемдену, ұрлау, рұқсатсыз тасымалдау немесе оларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасау халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

    Ядролық физикалық қауіпсіздік – атом энергиясын пайдалану объектілеріне және (немесе) пайдаланушы ұйымға қатысты ұрлау, диверсия, рұқсатсыз қол жеткізу, заңсыз беру, айналымға түсіру немесе өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға, оларды анықтауға және (немесе) оларға ден қоюға бағытталған ұйымдастырушылық, инженерлік және техникалық шаралардың бірыңғай жүйесінің жай-күйі.

    Ядролық физикалық қауіпсіздік атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің дербес бағыты болып табылады. Апаттардың алдын алуға бағытталған ядролық қауіпсіздіктен және адам мен қоршаған ортаны иондаушы сәулеленудің әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін радиациялық қауіпсіздіктен айырмашылығы, ядролық физикалық қауіпсіздік рұқсатсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған.

    Ядролық физикалық қауіпсіздіктің негізгі мақсаты – ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін ұрлау немесе оларды рұқсатсыз пайдалану, диверсиялар және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің ықтимал салдарларынан халықты, қоғамды, мемлекетті және қоршаған ортаны қорғау.

    Қазақстан Республикасында ядролық физикалық қауіпсіздік режимі заңнамалық реттеуді, мемлекеттік қадағалау мен бақылауды, пайдаланушы ұйымдардың қызметін, атом энергиясын пайдалану объектілерінің физикалық қорғалуын, персоналды оқытуды және оның ден қоюға дайындығын тексеруді қамтитын көпдеңгейлі жүйені білдіреді.

    Жүйенің құқықтық негізін атом энергиясын пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы құрайды. Өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік реттеуді Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі (бұдан әрі – Агенттік), Агенттіктің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті жүзеге асырады, ал пайдаланушы ұйымдар атом энергиясын пайдалану объектілерінің физикалық қорғалуын қамтамасыз етеді.

    Пайдаланушы ұйымдар ядролық физикалық қауіпсіздікті қолжетімділікті бақылау, күзет және ден қою күштерінің болуын қамтамасыз ету, аумақтар мен үй-жайларды күзету, анықтау жүйелерін, бейнебақылау және ахуалды бағалау құралдарын, байланыс құралдарын, сондай-ақ белгіленген ден қою рәсімдерін қолдану арқылы қамтамасыз етеді.

    Маңызды қағидаттардың бірі – бірнеше бірізді және өзара толықтыратын қауіпсіздік деңгейлерін көздейтін көпдеңгейлі (эшелондық) қорғанысты құру. Бір деңгей бұзылған жағдайда, келесі деңгейлер қатерді анықтауды, ықтимал құқық бұзушыны кідірту мен оның жолын кесуді жалғастырады немесе уақтылы ден қою үшін қажетті жағдайлар жасайды.

    Қатерлер мен тәуекелдерді бағалаудың маңызы ерекше. Физикалық қорғау шаралары ықтимал қатерлердің сипатына, объектінің ерекшеліктеріне және құқыққа қайшы әрекеттердің ықтимал салдарына сәйкес болуы тиіс. Жүйенің тиімділігі тұрақты түрде бағаланады, ал техникалық құралдар мен персоналдың дайындығы жүйелі түрде тексеріледі.

    Ядролық физикалық қауіпсіздік режимінің тиімділігі мүдделі мемлекеттік органдардың, пайдаланушы ұйымдардың, күзет және ден қою күштерінің үйлестірілген өзара іс-қимылымен, сондай-ақ ұйымдастырушылық, инженерлік және техникалық шараларды тұрақты жетілдірумен қамтамасыз етіледі.

    Мұндай жүйелі тәсіл атом энергиясын пайдалану объектілерінің қажетті қорғалу деңгейін сақтауға және қауіпсіздік шараларын өзгеріп отыратын жағдайлар мен ықтимал қатерлерге уақтылы бейімдеуге мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі" жаңалықтары