Мүгедектігі бар адамдардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасын (ЖАОБ) іске асыру олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту шараларын кешенді түрде жүргізуді көздейді.
Бағдарламаны іске асыру кезінде оңалту іс-шараларының жеке ерекшеліктері, бірізділігі, кешенділігі, сабақтастығы мен үздіксіздігі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жүргізілген шаралардың тиімділігіне динамикалық бақылау және мониторинг жүргізіледі.
ЖАОБ-ның орындалуы қалай жүзеге асырылады?
Медициналық оңалту: денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес медициналық ұйымдар жүзеге асырады.
Әлеуметтік және кәсіптік оңалту: халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдары, сондай-ақ өндірістік жарақат немесе кәсіптік ауру жағдайларында жұмыс берушілер тарапынан жүргізіледі.
Орындалуы туралы мәліметтер: ЖАОБ-ның медициналық бөлігі бойынша ақпаратты медициналық ұйымдар тиісті ақпараттық жүйелерге енгізеді. Әлеуметтік бөлігі бойынша мәліметтер автоматтандырылған түрде «Е-собес» ақпараттық жүйесінен «ЦБДИ» ақпараттық жүйесіне, ал кәсіптік бөлігі бойынша «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінен түседі.
Мониторинг және бағалау: медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі ЖАОБ-ның іске асырылуын бақылайды және мүгедектігі бар адамды кезекті куәландыру кезінде оңалту шараларының тиімділігін бағалайды.
Егер оңалту шаралары орындалмаса, оның себептері ескеріле отырып, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі көрсетілімдер болған жағдайда ЖАОБ-ның әлеуметтік және кәсіптік бөліктеріне түзетулер енгізеді немесе оңалту шараларын одан әрі жүргізудің қажеттілігі мен орындылығы туралы мәселені шешеді.
Жеке абилитациялау және оңалту бағдарламасының уақтылы әрі тиімді орындалуы мүгедектігі бар адамдарға қажетті қолдау шараларын көрсетуге және олардың оңалту мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.









