Ана мен баланы қолдаудың мемлекеттік жүйесі

    Қазақстан Республикасында балалы отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында бала тууына және оның күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар тағайындалады.

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 24 мамырдағы № 169 бұйрығына сәйкес бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау тәртібі айқындалған.

    Мемлекеттік жәрдемақылардың түрлері

    Балалы отбасыларға мынадай мемлекеттік жәрдемақылар беріледі:

    • Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы – баланың дүниеге келуіне байланысты тағайындалады.

    • Бала күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы – бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі кезеңге тағайындалады.

    Аталған жәрдемақылар отбасының табысына қарамастан тағайындалады.

    Бала күтіміне байланысты жәрдемақы кімдерге тағайындалады?

    Бала күтіміне байланысты жәрдемақы баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап, ол бір жарым жасқа толған күнді қоса алғанда тағайындалады.

    Баланы асырап алған немесе қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алған адамдарға жәрдемақы соттың асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап немесе қамқоршылықты (қорғаншылықты) белгілеу туралы бұйрық қабылданған күннен бастап бала бір жарым жасқа толғанға дейін тағайындалады.

    Жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасы құрамында тірі туған, асырап алынған және қамқоршылыққа (қорғаншылыққа) алынған балалар, сондай-ақ басқа ата-ананың отбасында есепке алынбаған жағдайда өгей балалар ескеріледі.

    Ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары шектелген балалар отбасы құрамында есепке алынбайды.

    Егер бала бір жарым жасқа толмай қайтыс болса, күтім жөніндегі жәрдемақы қайтыс болған айды қоса алғанда тағайындалады.

    Қандастарға бала күтіміне байланысты жәрдемақы бала туған күннен бастап, бірақ қандас мәртебесі белгіленген күннен кейін тағайындалады.

    Жәрдемақы тағайындау үшін қайда жүгіну қажет?

    Бала туғанда берілетін және бала күтіміне байланысты жәрдемақыларды тағайындау үшін өтініш беруші:

    • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына;

    • электрондық үкімет порталы арқылы;

    • екінші деңгейдегі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы жүгіне алады.

    Қажетті құжаттар

    Жәрдемақыларды тағайындау үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

    1. Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі электрондық құжат.

    2. Қандас мәртебесі бар адамдар үшін қандас куәлігі немесе цифрлық құжат.

    3. Баланың немесе балалардың туу туралы куәлігі не туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме немесе тиісті анықтама.

    4. Өтініш берушінің деректері баланың туу туралы куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда неке қию немесе некені бұзу туралы куәлік.

    5. Бала асырап алынған немесе оған қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген жағдайда оны растайтын құжат.

    6. Өтініш пен қажетті құжаттарды үшінші тұлға тапсырған кезде нотариус немесе нотариаттық іс-әрекеттер жасауға уәкілетті тұлға куәландырған сенімхат.

    Шет мемлекеттің құзыретті мекемесі берген баланың туу туралы куәлігі Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, апостиль қою немесе заңдастыру рәсімдерінен кейін қабылданады.

    Қосымша ақпарат

    Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары туралы ақпаратты мына интернет-ресурстардан алуға болады:

    • Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі: www.enbek.gov.kz, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімі;

    • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы: www.gov4c.kz.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары