Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама (бұдан әрі – МӘС) қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді.
Егер азамат мүгедектік тобына, оның белгіленген мерзімі мен себебіне, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, сараптамалық қорытындыны қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Бұл құқықты азаматтың заңды өкілі де пайдалана алады.
Шағымды қайда және қандай мерзімде беруге болады?
Сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым беру қажет.
Шағымды қағаз түрінде немесе электрондық форматта e-Otinish платформасы арқылы жолдауға болады.
Шағымды қарау тәртібі
Сараптамалық қорытындыны қайта қарау тәртібі бастапқы медициналық-әлеуметтік сараптаманың қандай форматта жүргізілгеніне байланысты жүзеге асырылады.
1. Көзбе-көз жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымдану
Егер азамат көзбе-көз жүргізілген сараптама нәтижесімен келіспесе, шағымды МӘС әдіснама және бақылау бөлімі қайта қарайды.
Бұл ретте мамандар ұсынылған медициналық құжаттарды зерделеп, азаматты қайта куәландырады. Диагнозды және ағза функцияларының бұзылу дәрежесін нақтылау қажет болған жағдайда кардиолог, онколог, офтальмолог, педиатр және психолог сияқты бейінді мамандар тартылады.
2. Сырттай проактивті форматта жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымдану
Егер азамат сырттай проактивті форматта жүргізілген куәландыру нәтижесімен келіспесе, шағымын өзінің тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық департаментке береді.
Бұл жағдайда құжаттар басқа өңірдің МӘС әдіснама және бақылау бөліміне қарауға жіберіледі. Сараптамалық қорытынды азаматтың жеке деректері көрсетілмеген медициналық құжаттар негізінде сырттай қайта қаралады.
Тиісті бөлімге МӘС актісі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады. Аталған мерзім медициналық құжаттарға сараптамалық баға беру кезеңіне қатысты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 99-бабына сәйкес, заңнамада жекелеген жағдайлар үшін өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайларда шағымды қарау мерзімі 20 жұмыс күнін құрайды.
Азаматтардың назарына!
МӘС сараптамалық қорытындысымен келіспеген жағдайда, азаматтардың оны қайта қарауға өтініш беруге заңды құқығы бар. Ол үшін белгіленген үш айлық мерзімді сақтап, тиісті аумақтық департаментке жүгіну қажет.
Азаматтардың құқықтарын қорғау және медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








