2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін міндетті лицензиялау жүйесі енгізілді. Бұл қадам Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі аясындағы реформалардың жалғасы болып табылады және көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Лицензия алудың негізгі шарттары:
1. Кәсіби кадрлар құрамы
Ұйымда тиісті бейінді білімі және біліктілікті арттыру туралы сертификаттары бар әлеуметтік қызметкерлер, психологтар мен тәрбиешілер жұмыс істеуі қажет.
2. Қауіпсіз және кедергісіз инфрақұрылым
Ғимараттар санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдар үшін пандустар, лифтілер, тактильді жолақтар және басқа да кедергісіз орта элементтерінің болуы маңызды.
3. Материалдық-техникалық база
Ұйымдарда арнаулы әлеуметтік қызметтерді сапалы көрсетуге қажетті оңалту, медициналық және тұрмыстық құрал-жабдықтар жеткілікті болуы керек.
Лицензия алуға өтініш беру
Лицензия алуға өтініш электрондық форматта Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы беріледі.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді лицензиялау — әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіндегі сапа мен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл талаптар қызмет алушылардың құқықтарын қорғауға, оларға көрсетілетін көмектің сапасын жақсартуға және қолжетімді әлеуметтік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.









