Биыл қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Отырар ауданында Жамбыл атындағы мектеп-лицейі түлектерінің ұйымдастыруымен кіші футболдан аудандық турнир өтті.
Турнирдің басты мақсаты – ұлы ақынның рухани мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов, «Әділет» партиясы Отырар аудандық филиалының төрағасы Ұ.Абдрахимов, облыстық ұлттық спорт федерациясының президенті Н.Мылтықбаев және спорт саласының өкілдері қатысты.
Шара барысында қонақтар спортшыларды айтулы мерекемен құттықтап, командаларға сәттілік тіледі. Аудандық додаға барлығы 16 команда қатысып, тартысты ойындар екі алаңда қатар өткізілді.
Турнир аясында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды іс-шаралар да ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Құран оқылып, ас берілді. Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы қазақ күресінен бес дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбековке зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, жүлдегерлерге жалпы сомасы 1 миллион 800 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталады.
Мұндай тағылымды әрі ауқымды шаралар – ұлттық руханиятымызды ұлықтап, ұрпақ сабақтастығын нығайтумен қатар, жастарды спортқа баулуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және қоғамдағы бірлік пен ынтымақты арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.









