Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен жүзеге асқан «Түнгі кітапхана» жобасы Жетісай ауданында жалғасты. Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткен әдеби іс-шара республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын-сазгер, Жетісай ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Құраловтың шығармашылығына арналды.
Жетісай аудандық орталық саябағында өткен рухани жүздесу кешкі уақыттың ерекше тынысымен үндесіп, жыр мен әнге, тағылымды әңгіме мен сырлы сұхбатқа ұласты. Кездесуге Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова және зиялы қауым өкілдері, аудан қаламгерлері мен өнер жанашырлары қатысты.
Кеш барысында сөз алған қонақтар Мұхтар Құраловтың ақындық болмысы, шығармашылық жолы мен туған өлке руханиятына қосқан үлесіне тоқталып, қаламгерге деген ізгі тілектері мен ыстық ықыластарын жеткізді. Ал, облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова ақын Мұхтар Құраловтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, Жетісай аудандық орталық кітапханасының ұжымына арнайы сыйлық табыстады.
Кештің әдеби мазмұнын кітапхана оқырмандары мен қызметкерлері жалғап, ақынның сырлы жырларын мәнерлеп оқыды. Ал Мәдениет үйінің өнерпаздары Мұхтар Құраловтың сөзіне жазылған әндерді орындап, поэзия мен әуен тоғысқан кешке ерекше көрік берді.
Кеш аясында ақынның шығармашылығына арналған кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылып, оқырмандар қаламгердің әдеби мұрасымен танысты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі









