Шығыс Қазақстанда «Шығыс Салбурыны – 2026» V халықаралық фестивалі және құсбегіліктен I Азия кубогы аяқталды

    1 / 28

    Шығыс Қазақстан облысында «Бүркіт төбе» шатқалында өткен дәстүрлі аңшылық өнеріне арналған «Шығыс Салбурыны – 2026» V халықаралық фестивалінің қорытындысы шығарылды. Биыл іс-шара алғаш рет құсбегіліктен I Азия кубогы мәртебесінде өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар мен қонақтарды жинады.

    Ауқымды этномәдени іс-шараға әлемнің 10 елінен 176 құсбегі мен саятшылық өнерінің шеберлері қатысты:

    • Қазақстан

    • Венгрия

    • Қытай

    • Моңғолия

    • Ресей

    • Түркия

    • Өзбекстан

    • Қырғызстан

    • Испания

    • Грузия

    Фестиваль рекордтық келушілер санын тіркеді: «Бүркіт төбе» алаңына шамамен 15 мың көрермен келді. Іс-шараға шетелдік саяхатшылар да ерекше қызығушылық танытты. Ресми және жеке туристік топтардың құрамында этноауылға Германия, Австрия, АҚШ, Үндістан және Венгриядан келген туристер барды.

    Негізгі жарыстар мен нәтижелер

    Үш күн бойы аңшылық өнерінің шеберлері бүркіт, сұңқар (ителгі) және қаршығамен аң аулау шеберлігін, сондай-ақ тазы иттердің жарысын көрсетті.

    Бүркітпен аң аулау: Финалдық сайыстардың қорытындысы бойынша I Азия кубогының негізгі жүлделерін Жамбыл, Түркістан және Қарағанды облыстарының өкілдері иеленді.

    Ителгімен аң аулау: Алтын медальді Қарағанды облысының өкілі Төлегенұлы Темірәлі жеңіп алды, күміс жүлде Астана қаласының өкілі Серікбекұлы Ерасылға бұйырды.

    Қаршығамен аң аулау: Бірінші орынды Түркістан облысының өкілі Махмудхан Заки иеленді.

    Тазы жарысы: Өскемен қаласының өкілі Ержан Жайық Қарауыз атты тазысымен жеңімпаз атанды.

    Мәдени-туристік маңызы

    Фестиваль аясында қонақтарға қолөнершілер көрмелері, ұлттық тағамдар ұсынылған этноауыл және жарқын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шара Шығыс Қазақстан облысының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге және материалдық емес мәдени мұраны сақтауға бағытталған маңызды қадам болды.

    «Қатысушылар санының артуы және Еуропа мен Америка елдерінен туристердің келуі салбурын дәстүрінің Шығыс Қазақстанның танымал брендіне айналып келе жатқанын және көшпелі мәдениетке әлемдік қауымдастықтың қызығушылығын арттырып отырғанын көрсетеді», – деп атап өтті ШҚО Туризм басқармасында.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының туризм және инвестиция басқармасы" жаңалықтары