ЕҚТА-ға рекреациялық жүктеме: Шығыс Қазақстанның табиғи әлеуетін сақтау

    ЕҚТА-ға рекреациялық жүктеме: Шығыс Қазақстанның табиғи әлеуетін сақтау

    Шығыс Қазақстанда табиғи экожүйелерді сақтау қажеттілігін ескере отырып, экологиялық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

    Туристік жүктемені реттеу құралдарының бірі – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен әзірлеген ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (ЕҚТА) жол берілетін рекреациялық жүктемесі мен туристік-рекреациялық сыйымдылығын айқындау әдістемесі.

    Жол берілетін жүктеме қалай айқындалады

    Әдістеме табиғи жағдайларды ескере отырып, нақты туристік маршруттар, экологиялық соқпақтар, бақылау алаңдары мен рекреациялық аймақтар үшін келушілердің жол берілетін санын айқындауға мүмкіндік береді.

    Есептеу кезінде:

    • жер бедерінің түрі мен ерекшеліктері;

    • беткейлердің тіктігі;

    • топырақ-өсімдік жамылғысының тұрақтылығы;

    • туристік маршруттың ауданы мен ұзындығы;

    • аумақтың маусымдық ерекшеліктері;

    • туристік инфрақұрылымның болуы және жай-күйі;

    • келушілердің қолайлы жағдайда болуын қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріледі.

    Жол берілетін рекреациялық жүктеме аумақтың базалық және нақты рекреациялық сыйымдылығын ескере отырып айқындалады. Бұл ретте нақты учаскенің табиғи және инфрақұрылымдық жағдайларын ескеретін төмендету коэффициенттері қолданылады.

    Табиғи аумақтардың жай-күйін мониторингтеу

    Жол берілетін жүктемені айқындау экологиялық мониторинг жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Туристік маршруттардың негізгі учаскелерінде табиғи кешеннің жай-күйіне бақылау жүргізіледі.

    Антропогендік жүктеменің артқаны байқалған жағдайда келушілер санын азайту, бару режимін реттеу және табиғи жамылғыны қалпына келтіру үшін маршруттың жекелеген учаскелерін пайдалануға уақытша шектеу енгізу сияқты тиісті шаралар қолданылуы мүмкін.

    Шығыс Қазақстандағы экологиялық туризм

    Шығыс Қазақстан облысында 42 туристік маршрут жұмыс істейді, оның 24-і экологиялық бағыттарға жатады. Маршруттар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, оның ішінде Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Марқакөл және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтарының аумақтары арқылы өтеді.

    Жол берілетін рекреациялық жүктемені сақтау туристік саланы дамытуды өңірдің табиғи және ландшафтық әлеуетін сақтаумен ұштастыруға мүмкіндік береді.

    Табиғи және туристік әлеуеті зор Шығыс Қазақстан үшін мұндай тәсіл экологиялық туризмді тұрақты дамытудың маңызды шарты болып табылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының туризм және инвестиция басқармасы" жаңалықтары