
Қазақстанда туризм саласында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың жекелеген шараларын ұсынуды реттейтін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.
Өзгерістер Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 31 шілдедегі №146 «Кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығымен енгізілді. Бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2026 жылғы 3 тамызда №39473 болып тіркелді.
Аталған бұйрық шеңберінде санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау, жол бойындағы сервис объектілерін салу, туристік автокөлік құралдарын сатып алу, сондай-ақ визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салу және реконструкциялау бойынша бірқатар мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну қағидалары жаңа редакцияда жазылды.
Өзгерістер мемлекеттік қолдау алу шарттарын нақтылауға, объектілер мен көлік құралдарына қойылатын талаптарды белгілеуге, сондай-ақ өтінімдерді қарау және кейінгі бақылау тәртібін жетілдіруге бағытталған.
Санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау
Туристік ресурстарда және оларға баратын жолдарда орналасқан санитариялық-гигиеналық тораптарды (СГТ) күтіп-ұстауға кәсіпкерлік субъектілерінің шығындарының бір бөлігін субсидиялау тәртібі жаңартылды.
Жаңа редакцияда санитариялық-гигиеналық торап ұғымы нақтыланды. СГТ-ға туристік ресурстарда және (немесе) оларға баратын жолдарда автомобиль жолдарының бойында, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан немесе жол бойындағы сервис объектісінің құрамына кіретін абаттандырылған жеке тұрған стационарлық немесе жылжымалы құрылыстар жатады.
Сондай-ақ «нақты жұмыс істеп тұрған СГТ кабинасы» ұғымы енгізілді. Бұл – мақсаты бойынша пайдалануға қолжетімді және белгіленген талаптарға сәйкес пайдаланылуын қамтамасыз ететіндей жабдықталған кабина.
Субсидиялауға жататын шығындардың тізбесі де жеке белгіленді. Оларға СГТ-ның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және тиісті санитариялық жағдайын сақтауға тікелей байланысты шығындар, оның ішінде:
- тазалау;
- санитариялық-гигиеналық құралдарды сатып алу;
- дезинфекциялау;
- коммуналдық қызметтер;
- жарықтандыру;
- сумен жабдықтау;
- қалдықтарды шығару;
- шығыс материалдарын сатып алу;
- өзге де пайдалану шығындары жатады.
Бұл ретте СГТ-ны салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге жұмсалған шығындар субсидияланатын шығындарға жатпайды.
СГТ-ға қойылатын және оны күтіп-ұстау субсидияланатын нақты талаптар белгіленді.
Атап айтқанда, объект нақты жұмыс істеуі және белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сәйкес келуі тиіс. СГТ құрамында кемінде үш нақты жұмыс істеп тұрған кабина болуы қажет. Оның ішінде ерлер мен әйелдерге арналған кабиналар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді кабина болуы тиіс.
Субсидия белгіленген субсидиялау кезеңі шегінде айына 83 300 теңге мөлшерінде беріледі.
Сонымен қатар бақылау тәртібі күшейтілді. Өтінімдерді қарау барысында ұсынылған құжаттарды тексеру, қажет болған жағдайда қосымша мәліметтер алу, сондай-ақ СГТ-ның белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру көзделген.
Бұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпкерлік субъектісіне оларды белгіленген мерзімде жою мүмкіндігі беріледі. Бұзушылықтар жойылмаған жағдайда СГТ-ны тиісті тізбеден шығару және субсидиялауды тоқтату мүмкіндігі көзделген.
Осылайша, мемлекеттік қолдау тек объектінің болуына ғана емес, оның нақты жұмыс істеуіне және белгіленген талаптарға сәйкестігіне қарай көрсетіледі.
Жол бойындағы сервис объектілерін салуды мемлекеттік қолдау
Өзгерістер жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін де қамтыды.
Қағидалардың жаңа редакциясында құрылысы шығындарды өтеуге негіз болуы мүмкін объектілердің тізбесі, сондай-ақ мұндай объектілерге қойылатын талаптар көзделген.
Тізбеге, атап айтқанда:
- мотельдер;
- қонақ үйлер;
- кемпингтер;
- техникалық қызмет көрсету станциялары;
- жанармай құю станциялары;
- қоғамдық тамақтану объектілері;
- сауда объектілері;
- демалыс аймақтары;
- кемпинг алаңдары;
- автотұрақтар және бекітілген тізбеде көзделген басқа да объектілер енгізілген.
Бұл ретте мемлекеттік қолдау туристік ресурстарда және (немесе) оларға баратын жолдарда республикалық және (немесе) жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан объектілерге көрсетіледі.
Өтемақы алу үшін кәсіпкерлік субъектісі белгіленген құжаттар топтамасын, оның ішінде объектіге құқық белгілейтін құжаттарды, объектіні пайдалануға қабылдау актісін, сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық және жобалық-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ қағидаларда көзделген мәліметтерді ұсынады.
Соңғы екі жылдағы қосылған құн салығының өсу динамикасы туралы ақпарат ұсыну талабы сақталады. Бұл талап ҚҚС төлеушілері болып табылмайтын субъектілерге, сондай-ақ қағидаларда көзделген жағдайларда қызметін үш жылдан аз уақыт жүзеге асырып келе жатқан субъектілерге қолданылмайды.
Өтемақы мөлшері белгіленген қағидаларға сәйкес айқындалған объектіні салу құнының 10 пайызын құрайды.
Сонымен қатар жаңа редакцияда жол бойындағы сервис объектісіне қойылатын талаптар жеке белгіленді.
Объект:
- туристік ресурста және (немесе) оған баратын жолда орналасуы;
- кәсіпкерлік субъектісінің меншігінде болуы;
- пайдалануға берілген болуы;
- нақты жұмыс істеуі;
- нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуы;
- мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуі;
- қажетті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымға ие болуы тиіс.
Осылайша, өтемақы беру тек құрылыстың жүзеге асырылу фактісімен ғана емес, объектінің кейіннен нақты жұмыс істеуімен және белгіленген талаптарға сәйкестігімен байланыстырылады.
Туристік автокөлік құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу
Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің жүргізуші орнын есептемегенде, отыратын орындар саны сегізден астам автомобиль көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу қағидалары жаңартылды.
Мемлекеттік қолдау мөлшері көлік құралы құнының 25 пайызы деңгейінде сақталады.
Сонымен қатар шығындарының бір бөлігі өтелетін көлік құралдарына қойылатын талаптар нақтыланды.
Атап айтқанда, автомобильдің шығарылған жылын қоса алғанда, бес жылдан аспауы және оның бұрын кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмауы тиіс.
Сондай-ақ жекелеген көлік құралдарына қатысты шектеулер белгіленді. Арнайы басқаруы бар, оның ішінде толық қолмен басқарылатын, сондай-ақ оң жақ рульді көлік құралдарының шығындары өтелмейді.
Бұдан бөлек, сатып алынған көліктің туристік қызметте нақты пайдаланылуын растау талаптары күшейтілді.
Жаңа редакцияға сәйкес туристік қызметтерді көрсету үшін көлік құралын пайдалануды растайтын құжаттар мен мәліметтер, оның ішінде тиісті шарттар, жол парақтары және қағидаларда көзделген өзге де құжаттар ұсынылады.
Сонымен қатар көлік құралының фото және бейнематериалдарын ұсыну көзделген.
Мемлекеттік қолдау алғаннан кейін кәсіпкерлік субъектісі көлік құралын пайдаланудың белгіленген талаптарын сақтауға міндетті. Оның ішінде көлік құралын туристік қызметте пайдалануына кейінгі мониторинг жүргізу көзделген.
Осылайша, мемлекеттік қолдау шарасы сатып алынған көлік құралдарын туристерге қызмет көрсету үшін нақты пайдалану шартымен туризм саласының көлік инфрақұрылымын жаңартуға және дамытуға бағытталған.
Визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салу және реконструкциялау
Кәсіпкерлік субъектілерінің визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салу және реконструкциялау кезінде шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларына да өзгерістер енгізілді.
Жаңа редакцияда осы мемлекеттік қолдау шарасы қолданылатын объектілердің тізбесі нақтыланды.
Визит-орталық ұғымы енгізілді. Визит-орталық – туристік әлеует туралы ақпарат таратуға және туристік қызметтер көрсетуге арналған ғимарат, құрылыс немесе үй-жай болып табылатын туризм объектісі.
Сондай-ақ туристерді орналастыру орындарының ұғымы нақтыланды. Оларға қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, туристік базалар, қонақ үйлер, демалыс үйлері, пансионаттар және туристердің уақытша тұруына және оларға қызмет көрсетуге пайдаланылатын басқа да ғимараттар мен құрылыстар жатады.
Өтемақы тиісті объектілерді салу және реконструкциялау кезінде беріледі.
Өтемақы мөлшері белгіленген тәртіпке сәйкес тиісті шығындардың 10 пайызын құрайды.
Мемлекеттік қолдау алу үшін кәсіпкерлік субъектісі қағидаларда көзделген құжаттар топтамасын, оның ішінде объектіге құқық белгілейтін құжаттарды, қабылдау актісін, сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық және жобалық-сметалық құжаттаманы, фото және бейнематериалдарды, сондай-ақ салық міндеттемелері туралы қағидаларда көзделген мәліметтерді ұсынады.
Жобалардың жекелеген санаттары үшін арнайы шарттар қарастырылған. Атап айтқанда, қағидаларда көзделген жағдайларда халықаралық қонақ үй желілерінің франшизасы бойынша 3, 4 және 5 жұлдыз санаттарындағы қонақ үйлерді салу, кеңейту, реконструкциялау және жарақтандыру жобаларына ҚҚС-тың өсуіне қатысты талаптар қолданылмайды.
Жаңа редакцияда визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарына қойылатын талаптар да белгіленді.
Объект:
- туристік ресурстарда және (немесе) оларға баратын жолдарда, туристік маршруттарда және (немесе) аумақтарда орналасуы;
- кәсіпкерлік субъектісінің меншігінде болуы;
- пайдалануға берілген болуы;
- нақты жұмыс істеуі;
- мақсаты бойынша пайдаланылуы;
- мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуі;
- қажетті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымға ие болуы;
- туристерге қызмет көрсету үшін қажетті үй-жайлар мен жағдайларға ие болуы тиіс.
Осылайша, мемлекеттік қолдау объектінің туристерге қызмет көрсетуге нақты дайындығы және белгіленген талаптарға сәйкестігі ескеріле отырып көрсетіледі.
Өтінімдерді қарау тәртібін жетілдіру
Енгізілген өзгерістердің жалпы бағыттарының бірі мемлекеттік қолдау шараларын алуға берілген өтінімдерді қарау рәсімдерін жетілдіру болды.
Жаңартылған қағидаларда:
- ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеру;
- ұсынылған құжаттардың дұрыстығына күмән туындаған жағдайда қосымша мәліметтер алу мүмкіндігі;
- қосымша тексеруді талап ететін жағдайларда қарау мерзімін 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзарту;
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес тыңдау рәсімін сақтау;
- комиссия отырыстарын офлайн форматта және (немесе) бейнеконференция арқылы өткізу;
- отырыстарды аудио және (немесе) бейнетіркеу көзделген.
Осылайша, мемлекеттік қолдау көрсету рәсімі неғұрлым нақтыланып, құжаттарды қарауға, белгіленген талаптарға сәйкестікті тексеруге және шешім қабылдауға бірыңғай тәсіл қарастырылған.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі мөлшерлері
Енгізілген өзгерістер нәтижесінде қарастырылып отырған мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары бойынша мөлшерлер:
| Мемлекеттік қолдау шарасы | Мөлшері |
|---|---|
| СГТ-ны күтіп-ұстауды субсидиялау | айына 83 300 теңге |
| Жол бойындағы сервис объектілерін салу шығындарын өтеу | 10% |
| 8 орыннан астам туристік автокөлік құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу | 25% |
| Визит-орталықтар мен туристерді орналастыру орындарын салу және реконструкциялау шығындарын өтеу | 10% |
Бұл ретте енгізілген өзгерістердің негізгі мазмұны мемлекеттік қолдау мөлшерлерін ұлғайтуға емес, объектілер мен көлік құралдарына қойылатын талаптарды нақтылауға, құжаттар тізбесін айқындауға, өтінімдерді қарау тәртібін жетілдіруге және көрсетілген мемлекеттік қолдауды мақсатты пайдалануды бақылау тетіктерін күшейтуге бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысының Туризм және инвестициялар басқармасы аталған мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануды жоспарлап отырған кәсіпкерлік субъектілеріне жаңартылған қағидалардың талаптарымен алдын ала танысып, объектілердің, көлік құралдарының және ұсынылатын құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуді ұсынады.









