Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

    Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

    Жиынға туризм және спорт саласының мамандары, спортшылар мен жаттықтырушылар, жергілікті атқарушы органдардың және туристік қауымдастық өкілдері қатысты.

    Кездесу барысында бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту, ұлттық спорт түрлерін қолдау және өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

    «Қарағанды облысы – табиғи және тарихи-мәдени әлеуеті жоғары, спортта өзіндік мектебі қалыптасқан өңір. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, тұрғындарға спортпен айналысуға және сапалы демалысқа қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ туризм саласына жаңа инвестиция тарту», – деді Мирас Төлебаев.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың орналастыру орындарында 181 мың ішкі туристке қызмет көрсетілді. Өңірге 9,6 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға жоғары. Ал сегіз айдың қорытындысы бойынша туризм саласына 15,5 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 10%-ға өсті.

    Биыл облыста жалпы құны 12,7 млрд теңге болатын 14 жаңа туристік жоба іске асырылды. Оның ішінде Балқаш қаласында 6 нысан, Қарқаралы ауданында 4 жоба пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

    Балқаш қаласы өңірдегі негізгі туристік орталықтардың бірі саналады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша қалаға шамамен 200 мың турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Қарқаралы ұлттық табиғи паркіне 43 мың адам барып, келушілер саны 23%-ға артқан. Сонымен қатар Бұғылы рекреациялық аймағында құны 4,4 млрд теңгені құрайтын инженерлік инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылып жатыр.

    Өңірде оқиғалық туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Балқашта өткен BalkhashTourFest фестиваліне рекордтық 75 мың қонақ жиналса, Қарқаралыда ұйымдастырылған BaiQymyz-2026 фестиваліне 20 мыңға жуық адам қатысты. Мұндай ірі мәдени-туристік іс-шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да серпін беріп отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының туризм басқармасы" жаңалықтары