Ақмолалық құтқарушылар «Бурабай» спорт сарайында өрт кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады

    1 / 7

    Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында кезекті өрт-тактикалық оқу-жаттығуын өткізді.

    Нысанның ішкі жоспарлануының ерекшеліктері, бөлмелерінің күрделілігі және мұнда бір мезгілде көптеген адамның болуы өрт сөндірушілерден үйлесімді әрекетті, жедел шешім қабылдауды және нысан қызметкерлерімен нақты өзара іс-қимылды талап етеді.

    Оқу-жаттығудың тактикалық жоспарына сәйкес, әкімшілік блоктың екінші қабатында шартты өрт шықты. Өрт туралы шартты дабыл түскеннен кейін жеке құрам белгіленген іс-қимыл алгоритмін орындауға кірісті.

    Жаттығу барысында хабарлау жүйесінің жұмысы, спорт нысаны қызметкерлерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру, келушілер мен персоналды эвакуациялау мәселелері пысықталды. Сонымен қатар шартты түрде зардап шеккен екі адамды іздеу және құтқару жұмыстарына, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстары кезінде бөлімшелердің іс-қимылдарын үйлестіруге ерекше назар аударылды.

    Мұндай оқу-жаттығулар құтқарушылардың төтенше жағдайларға дайындық деңгейін тексеруге, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және адамдар көп жиналатын нысандардың әкімшілігімен өзара іс-қимылды пысықтауға мүмкіндік береді.

    Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін жеке құрамның іс-қимылдарына жан-жақты талдау жүргізілді. Қатысушылар тапсырмалардың орындалу барысын саралап, бөлімшелер жұмысының үйлесімділігін бағалады және практикалық дағдыларды одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.

    Өрт-тактикалық оқу-жаттығуларды өткізу Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің даярлығын арттыруға, жедел әрекет ету қабілетін жетілдіруге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары