Құтқарушылар ата-аналардың қауіпсіздігі үшін

    1 / 2

    Біз ата-аналарымызға қамқорлық танытып, олардың хал-жағдайын сұрап, денсаулығына көңіл бөліп, күнделікті тұрмыста көмектесуге тырысамыз. Алайда, олардың өз үйінде қаншалықты қауіпсіз жағдайда өмір сүріп жатқанын ойлаймыз ба? Жылыту маусымы басталған кезде бұл мәселенің маңызы арта түседі. Өйткені пештің, мұржаның және электр сымдарының жарамды болуы — жақындарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтаудың маңызды кепілі.

    Алтай ауданының Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері жеке үлгі көрсету арқылы тұрғындарды жылыту маусымында ата-аналарына, әжелері мен аталарына ерекше қамқорлық танытуға шақырады.

    «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы аясында Серебрянск қаласындағы № 19 өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі, азаматтық қорғау аға сержанты Бахтияр Заркымов анасы — Назгүл Жараспаеваның үйіне арнайы барып, баспанасының қысқы маусымға дайындығын тексерді.

    Бахтияр үшін бұл сапар тек перзенттік қамқорлықтың көрінісі ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздікке жауапкершілікпен қараудың үлгісі болды. Ол пештің жай-күйін қарап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеріп, пешті қауіпсіз пайдалану және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша анасына қажетті кеңестер берді.

    Бұл қарапайым отбасылық оқиғаның астарында үлкен мән жатыр. Ата-анаға қамқорлық көрсету — тек жылы сөз айтып, көңіл бөлу ғана емес, сонымен қатар оларды қауіп-қатерден қорғауға бағытталған нақты әрекеттер.

    Қарт адамдар кейде өз бетінше ақауларды анықтап, қауіпті жағдайлардың алдын алуда қиындықтарға тап болады. Ал жылыту маусымында өрт шығу және иіс тиіп, көміртегі тотығынан улану қаупі арта түседі. Сондықтан жеке тұрғын үйлерде, әсіресе жалғыз тұратын қарт адамдардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.

    Құрметті Алтай ауданының тұрғындары! Ата-аналарыңызға, әжелеріңіз бен аталарыңызға баруға уақыт табыңыздар. Пеш пен мұржаның жай-күйін қарап, электр сымдарын, розеткалар мен электр құрылғыларын тексеріңіздер. Жылыту жабдықтарының жарамды әрі қауіпсіз пайдаланылатынына көз жеткізіңіздер. Мүмкіндік болса, үйге көміртегі тотығын анықтайтын дабыл құрылғысын орнатыңыздар. Ол қауіпті дер кезінде анықтап, адам өмірін сақтауға көмектеседі.

    Қауіп төнгенше күтпеңіздер. Қамқорлықтарыңызды бүгіннен бастаңыздар: жылы сөздеріңізбен, ықыластарыңызбен және дер кезінде жүргізілген қауіпсіздік тексерісімен жақындарыңызға жанашырлық танытыңыздар. Кейде осындай қарапайым әрекет адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

    Бір кездері ата-анамыз бізді қауіп-қатерден қорғады. Енді олардың қауіпсіздігіне қамқор болу — біздің кезегіміз!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары