Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Жастар саясаты басқармасының ұйымдастыруымен «Шексіз мүмкіндіктер» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында шахмат және тоғызқұмалақтан турнир өтті.
«Шексіз мүмкіндіктер» жобасы биылғы сәуір айынан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба ерекше қажеттіліктері бар балалардың белсенділігін арттыруға, өз қабілеттерін көрсетуіне және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған.
Қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін «Ерекше азаматтар күніне» орай ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі зияткерлік дода да осы атаулы күнге орайластырылды.
Іс-шараға Шымкент қаласының жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол ерекше қажеттіліктері бар балалардың зияткерлік қабілеттерін дамыту, олардың бастамаларын қолдау және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнир барысында қатысушылар шахмат пен тоғызқұмалақтан өзара бақ сынап, алғырлығы мен шеберлігін көрсетті. Жарысқа 30-ға жуық ерекше қажеттіліктері бар бала қатысты.
Бүгінгі дода балалардың табандылығы мен өзіне деген сенімін арттырып, жеңіске деген жігерін шыңдауға мүмкіндік берді. Әр қатысушы жарысқа белсенді қатысып, өз мүмкіндігін ортаға салды.









