Батыс Қазақстан облысында 5 қазан мен 5 қараша аралығында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның алғашқы төрт күнінде полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған 2 мыңға жуық азаматты тексеріп, 1 500 проблемалық тұрғын үй нысандарының қауіпсіздік жағдайына бақылау жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ полиция мен халық арасындағы байланысты нығайту.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскелерді аралап, тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Профилактикалық есепте тұрған азаматтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тиісті шаралар қабылданады.
Сонымен қатар тұрғын үйлердің кіреберістері мен қоғамдық орындарға Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бірыңғай QR-коды орналастырылуда. Оның көмегімен тұрғындар өз учаскелік полиция инспекторы туралы ақпарат алып, онымен жедел байланыса алады, сондай-ақ өз ұсыныстары мен шағымдарын жолдай алады.
Құрметті облыс тұрғындары! Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ міндет. Полиция құқық бұзушылықтарға бейжай қарамай, күмәнді немесе заңға қайшы әрекеттер туралы дер кезінде хабарлауға шақырады.







