ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ!

    1 / 10

    Отырар ауданында шәкірттеріне білім нәрін беріп, өмірге жол сілтейтін ұлағатты ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

    Мерекелік кеште «Отырар өнер және саз мектебінің» оркестрі жиналған көпшілікті күмбірлеген күймен қарсы алды. Аудандағы білім беру ұйымдары дайындаған арнайы көрмелер ұсынылып, қонақтар ұстаздардың шығармашылық жетістіктерімен танысты.

    Салтанатты жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы ашып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар ұстаздық жолдың ауыр да абыройлы жүгін арқалаған ардақты жандардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

    Аудан әкімі мен мәслихат төрағасы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ ұстазды кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар мен марапаттарды табыстады.

    Сонымен қатар мерекелік жиынға арнайы қатысқан Түркістан облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Амантай Оразалыұлы Өсербаев білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген бір топ ұлағатты ұстазға басқарма басшысының алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.

    Іс-шара барысында ардагер ұстаздарға сый-сияпат көрсетіліп, мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төріне шыққан «Сегіз сері» тобының орындауындағы «Бипыл» мен «Ұстазым» әндері көпшіліктің көңілінен шықты. Ал жас өнерпаз Аяулым Теміршаеваның орындауындағы «Ұстазым» әні көрермендердің жүрегіне жылу ұялатты.

    Сондай-ақ Адиля Алмазқызы мен Сұлухан Рашидқызының орындауындағы «Ұстазға тағзым» әні, «Аяла» тобының «Ұстазым ұнайды» әні, Айгерім Ахауова мен Адиля Алмазқызының орындауындағы «Ардақты ұстазым» әні кештің сәнін кіргізді. Салтанат Жиренбай мен «Сегіз сері» тобы орындаған «Ананың тілі» әні де көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

    «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер қазақ баласы үшін қашанда қасиетті ұғым екені белгілі. Осы қағиданың мәніне терең үңілдірген мерекелік кеш ұстаз мәртебесін ұлықтап, қатысушыларға ұмытылмас рухани әсер сыйлады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары