Елордада үш ер адам адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін сотталды

    Елордада тұратын үш ер адам Telegram мессенджерінде қыздардың жалған аккаунттарын пайдаланып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырып, одан кейін оларды қаладан тыс жерге күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан.

    Қаскөйлер бопсалау арқылы үш жәбірленушіден жалпы сомасы 2,2 млн теңгені иемденген.

    Бірін микроқаржылық несие рәсімдеуге мәжбүрлеген, ал екіншісінің автокөлігін иемденіп алған.

    Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.

    Сот үкімімен үш сотталушы адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

    Жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

    Сот үкімі заңды күшіне енді.

    Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы танысу кезінде сақтық танытуға шақырады, сондай-ақ адам ұрлау және ауырлататын мән-жайларда жасалған бопсалау қылмыстары үшін мүлікті тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеді.

    Астана қаласының прокуратурасы

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының прокуратурасы" жаңалықтары