Қазақстанның 75 әскери қызметшісі жасанды интеллект көмегімен цифрлық шешімдер әзірлеуді үйренбек

    1 / 12

    Maqsut Narikbayev University-де Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне жасанды зердені күнделікті қызметте қолдануға үйрететін оқу басталды. Курстан барлығы 75 адам өтеді. Олардың қатарында Әуе қорғанысы күштері мен Құрлық әскерлерінің мерзімді әскери қызметшілері де бар.
    Практикалық сабақтар барысында әскери қызметшілер вайб-кодингтің негіздерін, яғни жасанды интеллектке берілетін сұраулар арқылы бағдарламалар мен цифрлық құралдар әзірлеу тәсілін меңгереді. Қатысушылар үлкен көлемдегі деректерді талдау және визуализациялау, цифрлық платформалар әзірлеу, сондай-ақ жұмыс үдерістерін автоматтандыру дағдыларын игереді.
    – Біздің мақсатымыз – әскери қызметшілерге күнделікті қызметтік міндеттерінде қолдана алатын дағдыларға машықтандыру. Біз оларды нақты міндеттерге арналған цифрлық шешімдерді өз бетінше әзірлеуге баулимыз. Бұл еліміздің өңірлеріне қатысты деректерді талдаудан бастап, жұмыс үдерістерін автоматтандыруға дейінгі міндеттерді қамтиды. Ең бастысы – оның қалай жұмыс істейтінін көрсету және алғашқы қадам жасауға көмектесу. Осыдан кейін әр адам өз идеясын өз бетінше дамыта алады, – деді MNU басқарма төрағасының ғылым, инновациялар және жасанды интеллект жөніндегі орынбасары Сергей Пен.
    Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта әскери қызметшілерге арналған арнайы жасанды интеллект жүйесін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оған енгізілген деректер жүйеден сыртқа шықпайды. Бұл әскери ақпаратты қорғау талаптарын ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік береді.
    – Вайб-кодинг бойынша сабақтар күнделікті қызметімде көп көмегін тигізеді деп ойлаймын. Оның көмегімен тапсырмаларды бірнеше есе жылдам әрі тиімді орындауға болады. Маған жасанды интеллект арқылы бірнеше қосымшамен бір мезгілде жұмыс істеп, оларды бір жүйеге біріктіру мүмкіндігі ұнады. Бағдарламаның өзі қажетті кодты жазады, ал пайдаланушының міндеті – тапсырманы дұрыс тұжырымдау, – деді Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің офицері майор Ғани Қорғанбаев.
    Оқу аяқталғаннан кейін қатысушыларға сертификаттар табысталады.
    «AI-X» бағдарламасы MNU-да үш жылдық мемлекеттік эксперимент аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама жасанды интеллект технологияларын меңгеруді салалық даярлықпен ұштастырады. Практикалық сабақтар үшін университеттің арнайы AI Agentic Lab зертханасы мен есептеу ресурстары пайдаланылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі" жаңалықтары