
Күз мезгілінің басталуымен жолдағы жағдай жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден барынша мұқият болуды талап етеді. Күндізгі уақыттың қысқаруы, жауын-шашын, тұман және көрінудің нашарлауы жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етеді.
Абай облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мұндай жағдайда жол қозғалысы қағидаларын сақтаумен қатар, нақты жол және ауа райы жағдайларын ескерудің маңыздылығын еске салады.
Жүргізушілерге қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындаған кезде ерекше сақтық танытуға кеңес беріледі. Ал жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерлерден кесіп өтіп, қараңғы уақытта жарық қайтарғыш элементтерді пайдалануы қажет.
Жолдағы бірнеше секундтық қосымша назар адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Өз қауіпсіздігіңізге және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қараңыз!









