Абай облысының әйелдер колониясында сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды

    Абай облысының әйелдер колониясында сотталғандарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды

    Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің әйелдер колониясында Жарма ауданының прокуроры мен шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

    Кездесудің басты тақырыбы — сотталған әйелдерді жұмыспен қамту және олар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі болды. Іс-шара барысында кәсіпкерлерді мекемемен бірлесіп жұмыс істеуге тарту мүмкіндіктері және өндірістік қызметті одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

    Қазіргі таңда колония аумағында бірінші қажеттілікке арналған тауарлар дүкені, нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндіретін цех, жылыжай және тігін цехы жұмыс істейді.

    Мекемеде 200-ден астам сотталған әйел жазасын өтеп жатыр, олардың 130-ға жуығы еңбекпен қамтылған. Олар киім тігумен, көкөніс өсірумен, нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірумен айналысады. Мекемеде өндірілетін өнімдер облыстың түрлі аудандарында сұранысқа ие.

    — Бүгінде сотталғандарды жұмыспен қамтумен ғана шектелмей, оларға бостандыққа шыққаннан кейін сұранысқа ие болатын практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру маңызды. Әрбір ашылған жұмыс орны — адамның қоғамға сәтті бейімделуіне қосылған үлес. Өндіріс көлемін кеңейтіп, сотталған әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында кәсіпкерлермен одан әрі ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Мұндай жұмыстың негізгі мақсаты — сотталғандарға еңбек етуге, кәсіп меңгеруге және жазасын өтеп шыққаннан кейін қоғам өміріне сәтті бейімделуге мүмкіндік беру, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

    Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өндірістің жаңа бағыттарын кеңейту және бизнестің жаңа өкілдерін ынтымақтастыққа тарту перспективаларын да талқылады.

    Мұндай жобаларды дамыту қосымша жұмыс орындарын ашуға, сотталған әйелдердің еңбекпен қамтылуын арттыруға және оларды қоғамға қайта оралуға тиімді дайындау үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті" жаңалықтары