
Таразда трансфузиология саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу өтуде
Тараз қаласында Жамбыл облыстық қан орталығы ұйымдастырған «Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, трансфузиологияның өзекті мәселелері» атты халықаралық қатысумен конференция өз жұмысын бастады.
Конференцияға қатысушыларға Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек құттықтау сөз сөйлеп, трансфузиология саласындағы кәсіби тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
– Қан қызметі – ең алдымен пациенттің қауіпсіздігі мен дер кезінде көрсетілетін медициналық көмектің кепілі. Бүгінде облыстық қан орталығы өңірдегі 26 медициналық ұйымды қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта 9 мыңнан астам трансфузия жүргізіліп, 2 200-ден астам пациентке көмек көрсетілді. Бүгінгі конференция тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және жаңа практикалық шешімдер табуға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді С. Назарбек.
Конференция барысында Қан қызметі ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығының референс-зертханасының басшысы Динара Садвакасова және Н.И. Пирогов атындағы Ұлттық медициналық-хирургиялық орталықтың трансфузиология және қан құю мәселелері кафедрасының медицина ғылымдарының докторы, профессоры Сергей Мадзаев баяндама жасады.
Жамбыл облыстық қан орталығының жұмыс тәжірибесімен конференция қатысушыларын орталық директоры Гулам Умаров таныстырды.
Конференция жұмысына Қазақстан мен Ресейдің трансфузиология саласындағы жетекші мамандары қатысуда. Спикерлер қатарында «Гемонетикс» МПАК дәрігер-трансфузиологы Наталья Маслова, Санкт-Петербург қаласындағы қан құю бөлімінің меңгерушісі Елизавета Ким, сондай-ақ Астана, Санкт-Петербург қалалары мен Жамбыл облысының қан қызметі мамандары, трансфузиологтар, реаниматологтар және иммуногематологтар бар.
Пленарлық отырыстан кейін конференция жұмысы екі секцияда жалғасады.







