Қазақстан БҰҰ-ның алаңында әйелдер құқығы жөніндегі конвенция аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды

    Қазақстан БҰҰ-ның алаңында әйелдер құқығы жөніндегі конвенция аясында атқарылған жұмыстарды таныстырды

    Женевадағы БҰҰ штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны (CEDAW) орындау жөніндегі алтыншы мерзімдік баяндамасы қаралды.

    Қазақстан делегациясын ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов басқарды. Делегация құрамында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, заң шығарушы, атқарушы, сот билігінің, ғылыми-зерттеу институттары және сарапшылар қауымдастығының өкілдері болды.

    Отырыс барысында Қазақстанның әйелдер құқығын қорғау, теңдікті қамтамасыз ету, сондай-ақ әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуы бағытындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелері таныстырылды.

    Кейінгі жылдары елімізде тең құқықтар мен мүмкіндіктерге берілетін кепілдіктерді күшейту, әйелдер кәсіпкерлігін, жұмыспен қамтуды қолдау, сондай-ақ білім мен медициналық көмек алуына жағдай жасау бағытында ауқымды заңнамалық және институционалдық реформалар жүргізілгені айтылды.

    Азаматтардың құқықтары мен оларға берілетін кепілдіктерді одан әрі күшейтуді көздейтін конституциялық өзгерістерге айрықша мән берілді. Атап айтқанда, жаңа Конституцияда неке ер мен әйелдің мемлекетте тіркелген, оның қорғауындағы ерікті әрі тең құқықты одағы екені бекітілген.

    Әйелдер мен балаларды қорғауға қатысты заңнамалық шаралар да жеке қаралды. Елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг және некеге мәжбүрлеу қылмыстық жауапкершілікке жатқызылғаны айтылды. Зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерді қорғау, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің жұмысын жетілдіру шаралары күшейтілді.

    Сонымен қатар Қазақстанның отбасы және гендерлік саясат, адам құқықтары мен әйелдердің ел ісіне белсенді араласуы бағытындағы стратегиялық құжаттарды жүйелі түрде іске асырып келе жатқаны аталып өтті.

    Диалог қорытындысында CEDAW комитетінің мүшелері бірқатар ұсыным берді. Олар әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық саясатты одан әрі жетілдіру барысында ескеріледі.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары