ШЫМКЕНТТЕ КРЕАТОРЛАР МЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН CREATIVE SHIFT БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАЛДЫ

    ШЫМКЕНТТЕ КРЕАТОРЛАР МЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН CREATIVE SHIFT БАҒДАРЛАМАСЫ БАСТАЛДЫ

    Шымкентте креативті индустрия саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер, креаторлар мен шығармашылық командаларға арналған Creative Shift акселерациялық бағдарламасының өңірлік буткемпі басталды.

    Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры және MOST Business Intelligence ұйымының бірлесуімен жүзеге асырылуда.

    Creative Shift – шығармашылық идеяларды нақты жобаға айналдырып, оны жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік беретін практикалық акселерациялық бағдарлама. Жобаға креативті индустриялар мен технологиялар саласында өз жобасын бастап қойған немесе дамытып жүрген кәсіпкерлер, креаторлар және шығармашылық командалар қатысуда.

    Бүгінгі Шымкенттегі буткемп – Creative Shift бағдарламасының еліміздегі өңірлік кезеңдерінің бірі. Бұған дейін жоба 21 қыркүйекте Алматы қаласында өткен. Оған 170-тен астам креатор қатысқан. Ал, бағдарламаның келесі өңірлік кезеңі 19 қазанда Астана қаласында өтеді.

    «Креативті индустрияларды дамыту қоры» 2026 жылы жұмысын бастап, сәуір айынан бері креативті индустрия өкілдерін қолдауға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қор төрағасының орынбасары Алмас Сағынұлының айтуынша, Creative Shift жобасының негізгі мақсаты – шығармашылық әлеуетті нақты экономикалық мүмкіндікке айналдыру.

    – Бұл – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған білім беру және акселерациялық бағдарламалардың бірі. Жоба еліміздің барлық өңіріндегі креаторларға арналған. Соның ішінде Шымкент қаласы мен Түркістан облысының шығармашылық индустрия өкілдеріне жаңа мүмкіндік беруді көздейді. Жобаның басты мақсаты – шығармашылық қабілетті нақты табыс көзіне айналдыруға үйрету. Креаторларға тек идея ұсынып қана қоймай, сол идеяны бизнес-жоба ретінде қалыптастыру, нарыққа шығару, дамыту және одан тұрақты табыс табу жолдары үйретіледі, – деді ол.

    Бір аптаға жоспарланған бағдарлама барысында қатысушылар өз жобаларын саралап, олардың бизнес-моделін жетілдіруге, мақсатты аудиторияны анықтауға, өнімді немесе қызметті нарыққа шығаруға және тиімді таныстыруға бағытталған білім алады. Сонымен қатар, сарапшылар мен менторлардан кеңес алып, жобаларын дамытуға қажетті практикалық құралдармен танысады.

    Creative Shift бағдарламасы аудиовизуалды өнер, музыка және сахна өнері, бейнелеу және қолданбалы өнер, әдебиет, медиа және жасанды интеллект сияқты креативті индустрияның негізгі бағыттарын қамтиды.

    Бағдарлама аясында жасанды интеллект құралдарын шығармашылық және бизнес үдерістеріне енгізу, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы ілгерілету, өнімді тарату арналарын кеңейту, инвестиция тартуға дайындалу және жобаны жаңа деңгейге шығару мәселелеріне де назар аударылады. Буткемп қорытындысы бойынша, әлеуеті жоғары жобалар іріктеледі. Үздік қатысушылар Астанада өтетін жеті күндік офлайн менторлық сессияға қатысып, сарапшылардың қолдауымен өз жобаларын одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.

    Алмас Сағынұлының айтуынша, шамамен он үздік жобаны әрі қарай қолдау жоспарланып отыр. Іріктелген жобалармен жұмыс бағдарлама аяқталғаннан кейін де жалғасып, олардың дамуына қолдау көрсетілмек.

    Creative Shift – шығармашылық жобаларды кәсіби деңгейде дамытуға, жаңа бизнес-модельдер қалыптастыруға және креативті өнімдерді нарыққа шығаруға бағытталған маңызды алаң. Жоба арқылы Шымкент пен Түркістан өңіріндегі шығармашылық мамандардың әлеуетін ашып, креативті индустрияның дамуына жаңа серпін беру көзделіп отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары