
Шымкент қаласында жастар арасында батуттық гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Елдің әр өңірінен жас спортшылар бас қосқан дүбірлі дода 7 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан чемпионаты Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің ғимаратында ұйымдастырылып, қатысушылар спорттық шеберліктерін сарапқа салуда. Жарыс барысында жас гимнасшылар батутта секірудің түрлі бағдарламалары бойынша өнер көрсетіп, үздіктер анықталады. Байрақты бәсекеге еліміздің 9 өңірінен спортшылар қатысуда. Атап айтқанда, жарыс жолына Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарының өкілдері шықты. Жалпы чемпионатқа 175 спортшы қатысуда.
Батуттық гимнастика – спортшыдан жоғары деңгейдегі дене дайындығын, ептілікті, дәлдікті, үйлесімділікті және батылдықты талап ететін спорт түрі. Сондықтан мұндай жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, ел чемпиондары мен болашақ халықаралық додаларда Қазақстан намысын қорғайтын спортшыларды қалыптастыруға маңызды мүмкіндік береді. Шымкент төріндегі Қазақстан чемпионаты жас гимнасшылар үшін өз мүмкіндіктерін сынап, тәжірибе жинақтауға және спорттық шеберліктерін арттыруға жол ашатын маңызды бәсекелердің бірі. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп, ел чемпионатының жүлделеріне ие болады.









