АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

    АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

    Жапонияның Аичи-Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында ел мерейін үстем еткен жерлесіміз, каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Софья Берульцеваны салтанатты түрде күтіп алу іс-шарасы өтті. Жеңімпаз спортшыны Қажымұқан атындағы орталық стадионның алдында туған-туыстары, спорт саласының өкілдері, жаттықтырушылар, жанкүйерлер мен қала тұрғындары арнайы күтіп алып, чемпионға зор құрмет көрсетті.

    Шымкенттік саңлақ Азия ойындарында каратэнің кумитэ бағдарламасы бойынша 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді. Осылайша Софья Берульцева Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Шешуші бәсекеге дейін спортшы Сауд Арабиясының өкілі Дина Ахмед Мостафаны 9:6 есебімен, жартылай финалда Непал спортшысы Арика Гурунгті 2:1 есебімен жеңді. Ал, финалда Таиланд өкілі Манееван Буцуванды 8:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

    Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жерлесімізді жеңісімен құттықтап, қалада каратэ спортында жеңісті дәстүр қалыптасқанын атап өтті. Жеңімпаз спортшының алдағы жауапты сайыстарына сәттілік тілеп, қала спортшылары Азия ойындарында жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрініп жатқанын айтты.

    Сондай-ақ, каратэден ҚР ұлттық құрамасының аға бапкері Бақтияр Тоқсейітов Берульцева ендігі кезекте әлем чемпионатының алтынын алуға ниетті екенін жеткізді.

    Айта кетсең, бұл – Софьяның Азия ойындарындағы қатарынан екінші алтыны. Ол бұған дейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында да дәл осы +68 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған болатын. Сонымен қатар, шымкенттік спортшы – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Қазақстан ұлттық құрамасының жетекші каратэшілерінің бірі. Софья Берульцеваның кезекті жеңісі – спортшының жоғары шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің, табандылығы мен кәсіби дайындығының нәтижесі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары