
2026 жылдың 8 айының қорытындысымен Түркістан облысында 719 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға тапсырылып, өсім 107 %-ды құрады. Аталған көрсеткіш бойынша облыс республика көлемінде 4-орында тұр. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.
Биыл республика бойынша 20,4 млн шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның ішінде, 1,25 млн шаршы метрі Түркістан облысының үлесінде. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқарманың тапсырысымен Түркістан қаласында жалпы құны 16,5 млрд теңгені құрайтын 8 кредиттік тұрғын үй бой көтеруде. Тұрғын үйлер жалпы ауданы 48,2 мың шаршы метрді құрайтын 810 пәтерден тұрады.
Облыс әкімі жауапты басшыларға, аудан, қала әкімдеріне құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, нысандардағы жұмыстардың белгіленген талаптар мен құрылыс нормаларына сай орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Сатып алынатын тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын бақылауға алып, олардың сапасы мен құрылыс қарқынын арттыруға баса мән беріңіздер. Әрбір нысан бойынша жұмыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жедел жою қажет. Сондай-ақ арендалық үйлерді сатып алып, дайын үйлерді тапсыру, үйлердің конкурсын уақтылы өткізу, тұрғын үй аумақтарын абаттандыру жұмысымен толық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударыңыздар, – деді Нұралхан Оралбайұлы
Аппарат мәжілісінде өңірдегі тұрғын үй құрылысы жұмыстарының барысы туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 8 кредиттік тұрғын үй тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа жалпы 500-ге жуық адам жұмылдырылып, өндірістік кестеге сәйкес желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Жетісай ауданы әкімдігінің тапсырысымен «сақалды құрылысқа» айналған 120 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 546 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда 315 пәтер сатып алынды. Қалған 231 пәтер қараша айына дейін сатып алу көзделуде. Сонымен қатар облыста жалпы құны 29,5 млрд теңгеге 1 533 пәтерлі 37 кредиттік тұрғын үй сатып алу көзделген. Оның ішінде, Түркістан – 1517 пәтер, Келес – 16 пәтер. Бүгінгі таңда 1 098 пәтер сатып алынды. Қалған 435 пәтерді қараша айына дейін сатып алу жоспарланған.
Облыс бойынша жеке салушылар тарапынан жалпы 3 105 пәтерлі 168 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 105 үй тапсырылса, қалған 63 тұрғын үй келесі жылы пайдалануға берілмек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









