
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауыл әкімдері мен мемлекеттік қызметке алғаш тағайындалған басшыларға мотивациялық дәріс оқыды.
Дәстүрлі кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалының біліктілікті арттыру курстарында оқып жатқан аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымдарына алғаш тағайындалған басшылар және жергілікті атқарушы органдарының басшылары қатысты.
«Тиімді көшбасшылық және халыққа қызмет ету: қазіргі басшының жауапкершілігі» тақырыбындағы кездесуде өңір басшысы мемлекеттік қызметтегі басшының рөлі, халықпен жұмыс, команда қалыптастыру, бастамашылдық, күрделі жағдайда шешім қабылдау және нақты нәтижеге қол жеткізу мәселелеріне тоқталды.
Асхат Шахаров мемлекеттік қызметтегі басшының жұмысы тапсырмаларды орындаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның негізгі өлшемі – тұрғындардың өміріндегі нақты өзгеріс. Сондықтан әкім халықпен тұрақты байланыста болып, азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның шешімін соңына дейін жеткізуі керек.
«Адамдарды тыңдау, проблемаларын түсіну және олардың қажеттіліктеріне назар аудару маңызды. Халыққа нәтиже керек», – деді облыс әкімі.
Бұл ретте ауыл әкімдерінің жауапкершілігіне ерекше мән берілді. Елді мекеннің дамуы, тұрғындардың өмір сапасы және жергілікті мәселелердің шешілуі әкімнің бастамашылдығына, ұйымдастырушылық қабілетіне және қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігіне тікелей байланысты.
Әкім басшыларды мәселелерді кейінге қалдырмай, алдын ала бағамдауға, дер кезінде шешім қабылдауға және нақты нәтижеге жұмыс істеуге шақырды. Тиімді басқарудың тағы бір маңызды шарты ретінде кәсіби мамандар қалыптастыру мәселесі айтылды. Басшы міндеттерді дұрыс бөліп, қызметкерлердің әлеуетін ашып, ортақ мақсатқа жұмылдыра білуі қажет.
Кездесуде Президент айқындап берген негізгі басымдықтар да сөз болды. Олар – мемлекеттілік және ұлттық бірлікті нығайту, Конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды қорғау әрі ілгерілету, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Бұл бағыттағы жұмыс «Заң мен Тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Құрылтай – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделеді. Аталған ұстанымдарды жергілікті деңгейде іске асыруда әкімдердің, мемлекеттік қызметшілердің рөлі зор.
Мотивациялық дәріс соңында қатысушылар облыс әкімінен өз салалары бойынша толғандырған сұрақтарын қойып, ауылдарының дамуына қатысты жоспарларымен бөлісті.









