
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ұстаздар күніне орай Ордабасы аудандық Мәдениет үйінде білім саласының қызметкерлері мен ардагер ұстаздарға арналған тағылымды мерекелік іс-шара өтті.
Маңызды басқосуға аудан әкімі Азат Оралбаев, өзім мәслихат төрағасы ретінде, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар, сондай-ақ білім беру саласының үздік қызметкерлері қатысты.
Мерекелік жиында ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы ерекше атап өтілді. Ұстаз – ұлттың болашағын қалыптастыратын, жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіретін аса қадірлі мамандық иесі.
Іс-шара барысында мәслихат төрағасы ретінде білім саласының барша қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Құрметті ұстаздар!
Сіздерді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол – үлкен жауапкершілік пен биік азаматтық парызды талап ететін қасиетті жол. Сіздер шәкірттерге білім беріп қана қоймай, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар беріп, ел болашағының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер.
Бүгінгі жетістіктерге жеткен талай азаматтың алғашқы ұстазы болған ардагер педагогтеріміздің еңбегі ерекше құрметке лайық. Сіздердің саналы ғұмырларыңыз бен жинақтаған мол тәжірибелеріңіз – кейінгі буын үшін баға жетпес өнеге.
Ал қазіргі таңда білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарға заман талабына сай сапалы білім беріп, ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап жүргендері үшін алғыс білдіремін.
Еліміздің ертеңі – білімді, білікті, тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатып отырған ұстаздардың еңбегі қашанда ел назарында және мемлекет тарапынан лайықты бағалануы тиіс.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін. Шәкірттеріңіздің жетістігіне қуанып, абырой биігінен көріне беріңіздер!
Ұстаз еңбегі әрдайым құрметке лайық, ал ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, болашаққа және ұлттың ертеңіне көрсетілген құрмет.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Іс-шара барысында білім саласының ардагер ұстаздарына құрмет көрсетіліп, ұстаз еңбегінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы кеңінен айтылды.
Мерекелік кеш одан әрі эстрада жұлдыздарының әсерлі ән-шашуымен және сахналық қойылымдармен жалғасып, ұстаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ұстаздар күніне арналған бұл тағылымды кеш – білім саласы қызметкерлеріне деген ел құрметінің, ұстаз еңбегіне деген жоғары бағалаудың жарқын көрінісі болды.








