
ҚАУІПСІЗДІКТІҢ СЕНІМДІ ҚАЛҚАНЫ – ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ
Бүгін Қараспан ауылында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды нысан – жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, пайдалануға берілді.
Жаңа бекеттің іске қосылуы – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт оқиғаларына жедел ден қою мүмкіндігін арттыратын маңызды қадам.
Өрт сөндіру бекетінің ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, ауыл ақсақалдары, тұрғындар және мәслихат төрағасы ретінде өзім қатыстым.
Іс-шара барысында жаңа нысанның ауыл үшін маңызы атап өтіліп, оның материалдық-техникалық базасы мен қызмет атқаруға қажетті жағдайлары таныстырылды.
Қауіпсіздік – баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан елді мекендерде осындай маңызды нысандардың бой көтеріп, халық игілігіне берілуі – тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне жасалған нақты қолдау.
Жаңа өрт сөндіру бекеті Қараспан ауыл округіндегі 14 елді мекеннің қауіпсіздігін нығайтып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жедел жоюға өз үлесін қосады деп сенемін.
Жаңа нысан ел игілігіне қызмет етсін! Қараспан ауыл округінің тұрғындары аман, ел-жұрт тыныш болсын!









