
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылу беру маусымы, «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын іске асыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жылу беру маусымының басталуына орай өңірлердегі жағдайды баяндады.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы жылу беру маусымының өту барысы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің қатаң бақылауында тұрғанын айтты. Тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың штаттық режимде жұмыс істеуі сала басшыларының күнделікті қадағалауында болуы тиіс.
«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындардың басшылары тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен, электр жарығымен, ауыз сумен және газбен үздіксіз қамтамасыз етсін.
Төтенше жағдайлар департаменті газдан улану,өрт оқиғаларының алдын алудың тиісті шараларын қабылдап, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің өрт және газ қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін толық тексерсін. Барлық нысан талаптарға сай болуы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Мәжілісте цифрландыру бағыты бойынша ІТ, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникация салаларында тәжірибесі бар білікті мамандарды, сарапшыларды тартып, кеңестің жұмыс жоспарын әзірлеу, экономиканың барлық саласындағы перспективалы цифрлық жобаларды іске асыруды жеделдету тапсырылды.
Озық халықаралық және өңірлік тәжірибелерді зерделеп, үздік жобаларды енгізуге және «Digital Qazaqstan» стратегиясын іске асыруға барлық басқарма, қала және аудан әкімдіктері қатысуы қажет.
Бұдан бөлек, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыру, каналдарды бетондау, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлердің сапасы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Айта кетейік, өңірде жылу беру маусымы 5 қазанда басталды. Қазір тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен жылуға қосылуда. Сыртқы ауа температурасына сәйкес бекітілген кесте бойынша қазандықтар жылу энергиясын тұрақты беріп жатыр.
Барлық әлеуметтік нысан қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Жалпы 80 мың тонна көмір қажет, оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы әлеуметтік нысандарға арналған.









