ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ 81 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

    ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ 81 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

    Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және жастарды тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
    Өңірде 50 колледж жұмыс істейді. Онда 39 299 студент білім алуда. Олардың 32 880-і мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, 6 419-ы ақылы негізде оқиды. Ал 28 колледжде 16 341 студент жұмысшы мамандықтарын меңгеруде.
    2024-2025 оқу жылында колледждерді 12 619 түлек аяқтап, олардың 81 пайызы жұмыспен қамтылған. Техникалық, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы бағытындағы бірқатар мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 90-100 пайызға жеткен.
    Жастарды еңбекке бейімдеудің тиімді тетіктерінің бірі – дуальды оқыту жүйесі. Қазіргі таңда облыстағы 26 колледж 692 кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Осы бағдарлама аясында білім алған 1 083 түлек жұмысқа қабылданған.
    Жаңа оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 15 600 орын бекітілген. Бұл тапсырысты орналастыру кезінде еңбек нарығындағы сұраныс, өңірдегі инвестициялық жобалар және жұмыс берушілердің қажеттілігі ескерілуі тиіс.
    Сонымен қатар жастарға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру және кадр даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында өңірлік «Кәсіптер Атласы» әзірленген.
    Колледж студенттерінің кәсіби шеберлігін арттыруда халықаралық және республикалық байқаулардың да маңызы зор. «WorldSkills Kazakhstan-2025» ұлттық чемпионатында облыс құрамасы 39 құзыреттілік бойынша 4 алтын, 6 күміс, 6 қола және 7 арнайы медаль иеленіп, республикада үшінші орын алған.
    Бүгінде 12 колледж шетелдік оқу орындарымен 20 меморандум жасасқан. Бұл келісімдер қос диплом бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты және педагогтердің тағылымдамадан өтуін дамытуға мүмкіндік береді.
    Алдағы кезеңдегі негізгі міндет – «Колледж – кәсіпорын – жұмыс орны» байланысын нығайту. Білім беру ұйымдары жұмыс берушілермен бірлесе отырып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлауға басымдық береді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары