
Абай облысындағы ҚАЖ мекемесінде сотталған әйелдер арасында 70-тен астам адамды қамтыған жазғы спартакиада өтті. Спорттық мереке салауатты өмір салтын насихаттауға, командалық рухты қалыптастыруға және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға бағытталған жарқын шараға айналды.
Спартакиаданың салтанатты ашылуы жасақтар арасында волейболдан өткен турнирмен басталды. Ойындар тартысты әрі қызықты өтіп, қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін, мақсатқа ұмтылысын және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Іс-шараның ерекше атмосферасын сотталған әйелдердің дайындаған спорттық билері мен флешмобы толықтырды. Жарқын қойылымдар мерекенің сәнін келтіріп, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
Спартакиада бағдарламасына үстел теннисі, шахмат, қол күресі және арқан тартудан жарыстар енгізілді. Әрбір спорт түрі қатысушылармен қатар жанкүйерлердің де үлкен қызығушылығын тудырды. Күні бойы спортшыларды ұйымшыл ұрандар мен қошемет қолдап, бірлік пен спорттық бәсекелестікке толы ерекше көңіл күй қалыптасты.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар қатысушыларға бағалы жүлделер мен естелік сыйлықтар табысталды. Демеушілердің қолдауының арқасында тек спортшылар ғана емес, спорттық іс-шараны дайындауға және ұйымдастыруға үлес қосқан жандар да назардан тыс қалмай, ынталандырылды.
– Спартакиада біз үшін өзімізді көрсетуге және жағымды эмоциялар алуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар күнделікті күйбең тірліктен бір сәт алаңдап, бір-бірімізге қолдау көрсетуге және өз күшімізге сенуге көмектеседі. Жарысқа үлкен ықыласпен дайындалдық және оған қатысқанымызға қуаныштымыз, – деді сотталған әйелдердің бірі.
– Спорттық іс-шаралар сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысында маңызды рөл атқарады. Спартакиада тек дене шынықтыруды дамытуға және денсаулықты нығайтуға ғана емес, сонымен қатар командалық рухты, тәртіпті және алға қойылған мақсаттарға жетуге деген ұмтылысты қалыптастыруға бағытталған. Мұндай шаралар сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етіп, ұжымда жағымды ахуал қалыптастырады, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.
Спартакиада сотталған әйелдердің қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Концерттік бағдарлама барлық қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мазмұнды әрі спортқа толы күннің лайықты қорытындысына айналды.









