
Заң және тәртіп
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Серік Бахтыгерейұлы Алиманов және Департаменттің еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Ұлбике Бахтыбекқызы Рустемова Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинар кеңеске қатысып еңбек заңнамаларына түсіндірме береді.
Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 15)-тармақшасына және 182-бабы 2-тармағының 14)-тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға және жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу туралы мәліметті еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға жіберуге міндетті.
Сондай ақ, Қазақстан Республикасының «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 8-бабы 2-тармағының 1-1)-тармақшасында сақтанушы, яғни жұмыс беруші өзінің қызметін жүзеге асыруды бастаған айдан кейінгі айдың бірінші онкүндігі ішінде сақтандырушымен қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті екендігі белгіленген.
Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шарты, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, ол күшiне енгiзiлген күннен бастап он екi ай мерзiмге жасалады, яғни жұмыскер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты жыл сайын жасалып отыруы тиіс.
Өз кезегінде, сақтандыру шарттарын жасамаған жұмыс берушілерге Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 230-бабының 2-тармағына сәйкес жауапкершілік қаралған,
жеке тұлғаларға – он (43 250 теңге), лауазымды адамдарға, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз алпыс (692 000 теңге), орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – төрт жүз (1730 000 теңге), ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың (4 325 000 теңге) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарттарын міндетті түрде тіркеу
2026 жылғы 12 наурыздан бастап Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі (ЕШЕАБЖ) жұмысқа байланысты бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Қандай бұзушылықтар жауапкершілікке әкеп соғады
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 98-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес, жұмыс берушінің еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы, сондай-ақ оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтерді ЕШЕАБЖ-ға енгізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Бұзушылықтарға мыналар жатады:
* ЕШЕАБЖ-ға мәліметтерді енгізбеу немесе уақтылы енгізбеу;
* мәліметтерді толық көлемде енгізбеу;
* жалған немесе дұрыс емес мәліметтер енгізу.
Аталған бұзушылықтар үшін мынадай әкімшілік айыппұлдар қарастырылған:
* лауазымды тұлғаларға — 30 АЕК;
* шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға — 60 АЕК;
* орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 80 АЕК;
* ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 150 АЕК.
ЕШЕАБЖ-ға мәліметтер енгізу мерзімдері
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі №353 бұйрығымен бекітілген Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу қағидаларына сәйкес, жұмыс берушілер мынадай мерзімдерді сақтауға міндетті:
Еңбек шартын жасасу кезінде
Жаңадан жасалған еңбек шарты туралы мәліметтер шартқа екі тарап қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей ЕШЕАБЖ-ға енгізілуі тиіс.
Еңбек шартын тоқтату кезінде
Еңбек шартын тоқтату туралы ақпарат еңбек қатынастары тоқтатылған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей ЕШЕАБЖ-ға енгізілуі тиіс.
Еңбек шарты талаптарын өзгерту кезінде
Еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтер өзгерістерге екі тарап қол қойған күннен бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірілмей ЕШЕАБЖ-ға енгізілуі қажет.
ЕШЕАБЖ-ға қандай мәліметтер енгізіледі
Жұмыс беруші жүйеге мынадай мәліметтерді енгізуге міндетті:
* жұмыс берушінің БСН-ы;
* жұмыскердің ЖСН-ы;
* жұмыскердің мамандығы, кәсібі, біліктілігі немесе лауазымы туралы мәліметтер;
* жұмыс орны;
* еңбек шартының мерзімі;
* жұмысқа кірісу күні;
* еңбек шартының жасалған күні мен нөмірі.
Бақылау және жауапкершілік шаралары
Еңбек заңнамасы талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторы:
* жұмыс берушіге бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқама береді;
* тиісті хаттама жасай отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды.
Қолданыстағы заңнамада тексеру нәтижелерін рәсімдемей және әкімшілік ықпал ету шараларын қолданбай, тек хабарлама жолдау көзделмегенін ескеру қажет.
Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК-нің 98-бабы 1-1-бөлігінің санкциясында тек айыппұл түріндегі әкімшілік жаза көзделгенін атап өткен жөн. Осы бап бойынша ескерту жасау мүмкіндігі қарастырылмаған.
Түсіндірмелерді қайдан алуға болады
hr.enbek.kz порталынан «Анықтамалық ақпарат» бөлімінде ЕШЕАБЖ жүйесінде жұмыс істеу бойынша нұсқаулықтар мен түсіндірмелер орналастырылған.
Қосымша консультацияны 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Жұмыс берушілерге ұсыныстар
Әкімшілік жауапкершілікке тартылу тәуекелдерін азайту мақсатында жұмыс берушілерге:
* ЕШЕАБЖ-ға мәліметтер енгізу мерзімдеріне ішкі бақылау ұйымдастыру;
* енгізілетін мәліметтердің дұрыстығы мен толықтығын тұрақты түрде тексеру;
* жүйедегі ақпаратты жүргізуге жауапты қызметкерлерді тағайындау;
* еңбек қатынастары талаптары өзгерген кезде мәліметтерді уақытылы жаңарту ұсынылады.
ЕШЕАБЖ-дағы мәліметтерді уақытылы және дұрыс жүргізу жұмыс берушілерге айыппұл санкцияларынан сақтануға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы талаптарын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.






