
Ұстаз – әр адамның өмір жолында өшпес із қалдыратын, білім мен тәрбиенің шамын жағатын ерекше тұлға. Ұстаздың берген білімі мен айтқан ақылы шәкірттің болашағына бағыт-бағдар беріп, өмірден өз орнын табуына үлкен ықпал етеді.
Ұстаз болу – тек білім үйрету емес, ол – жас ұрпақтың бойына адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік пен ізгілік қасиеттерін сіңіру. Әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, оның қабілетін байқап, арманын қолдап, биік мақсаттарға жетелеу – нағыз ұстаздың ұлы еңбегі. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халқымыздың даналық сөзі бекер айтылмаған. Бүгінгі білімді, саналы әрі ел болашағына қызмет ететін ұрпақтың қалыптасуында ұстаздардың еңбегі зор. Ұстаздың әрбір сабағы, әрбір ақыл-кеңесі шәкірт жүрегінде сақталып, өмір бойы рухани темірқазық болары сөзсіз.
Ұстаз еңбегі – өлшеусіз, абыройы – биік, орны – қашанда төрде. Ұрпақ тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған барша ұстаздарға шынайы алғысымызды білдіреміз! Еңбектеріңіз жемісті, шәкірттеріңіз білімді де білікті, елге сыйлы азаматтар болсын! Ұстаз мәртебесі әрдайым биіктей берсін!
Ұстаз – білімнің бастауы, тәрбиенің тірегі, болашаққа жол сілтер шамшырақ!









