
Бұзылық ауылында ағаш отырғызу акциясы өтті
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыру жөніндегі күзгі айлық аясында Бұзылық ауылында «Агро-Олдиви» ЖШС-нің күшімен жасақталған жаңа саябақтың ашылуына орай іс-шара өткізілді.
Саябақтың ашылуына орай ағаштар мен көшеттер отырғызу акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға «Агро-Олдиви» ЖШС-нің өкілдері, ауыл тұрғындары, жергілікті қоғамдастық мүшелері және ұйымдардың өкілдері қатысты.
Жаңа саябақтың құрылуы және аумақты көгалдандыру жұмыстары ауылды абаттандыруға, қоршаған ортаны қорғауға және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға қосылған маңызды үлес болып табылады. Жаңа саябақ тұрғындардың демалуына, өзара қарым-қатынас жасауына және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуіне арналған орынға айналады.
Бұзылық ауылын абаттандыруға белсенді атсалысып, бастамашылық танытқаны және ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін «Агро-Олдиви» ЖШС басшылығы мен ұжымына ерекше алғыс білдіреміз.
Осындай игі бастамалар тұрғындар, ұйымдар мен бизнес өкілдерінің бірлескен күш-жігері арқылы туған өлкені көркейтіп, қазіргі және келешек ұрпақ үшін таза, жайлы әрі абаттандырылған орта қалыптастыруға болатынын көрсетеді.
Бүгін отырғызылған көшеттер тамырын тереңге жайып, ауылымызбен бірге өсіп-өркендеп, тұрғындарға өзінің жасыл желегімен қуаныш сыйласын. Бұл игі іс бірліктің, туған жерге деген қамқорлықтың және ел игілігі жолындағы еңбектің жарқын символына айналсын!









