
Ағымдағы жылғы 1–2 қазанда Самарқанд қаласында «Цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы конституциялық сот төрелігі» тақырыбында Азия Конституциялық Соттары және баламалы институттар қауымдастығының (AACC) VII Конгресі өтті.
Конгресс жұмысына 18-ден астам мемлекеттің Конституциялық және Жоғарғы соттарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері мен құқық саласындағы сарапшылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының делегациясын Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов басқарды. Өз сөзінде ол Қазақстанның цифрлық трансформацияға қатысты тәсілдерін таныстырып, олардың 2026 жылғы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда бекітілгенін атап өтті.
Адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жеке және жария мүдделердің теңгерімі, цифрлық ортаның қолжетімділігі, цифрлық этика мен әлеуметтік жауапкершілікті қоса алғанда, цифрлық ортаның құқықтық негіздерін дамытуға ерекше назар аударылды.
Конгресс қатысушылары цифрлық ортадағы сот билігінің тәуелсіздігі, адам құқықтарын қорғау және құқық үстемдігін қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні қолдану, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және процестік кепілдіктер мәселелерін талқылады.
Конгресс қорытындысы бойынша конституциялық сот төрелігін дамытуға, адам құқықтарын қорғау мен құқық үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ цифрлық және технологиялық трансформация жағдайында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Самарқанд декларациясы қабылданды.









