
Биылғы жылдың 28-29 қыркүйек аралығында Ташкент және Самарқанд қалаларында Адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілердің 60 жылдығына және Даму құқығы туралы декларацияның 40 жылдығына арналған Адам құқықтары жөніндегі бесінші Самарқанд форумы өтті.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Аппараты басшысының орынбасары Ерлан Сапаров пен Сектор меңгерушісі Жайнагүл Қайырзамановадан құралған делегация қатысты.
Параллельді сессия аясында Ерлан Сапаров «Конституциялық құндылықтар – адамның экономикалық, әлеуметтік, мәдени және өзге де құқықтарын іске асырудың кепілі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы аясындағы негізгі конституциялық жаңашылдықтар, сондай-ақ Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау және конституциялық құндылықтарды нығайту саласындағы конституциялық бақылаудың жетістіктері таныстырылды.









