
Астанада Технологиялық колледж студенттері өндіріс орындарына барып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Іс-шараны дуалды оқыту жүйесін дамыту аясында «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы ұйымдастырды. Бірінші курс студенттері «ПИК «ASTANA Ютария ltd» ЖШС және QAZAQSTAN APPAREL тігін фабрикасына барып, өндірістік үдерістермен, еңбек жағдайларымен және мамандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Экскурсия барысында студенттер колледжде алып жатқан теориялық білімдерінің өндірісте қалай қолданылатынын көрді. Сонымен қатар заманауи тігін жабдықтарының жұмысымен танысып, болашақ мамандығына қатысты сұрақтарына жауап алды.
«Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы төрағасының орынбасары Сәбит Мұхамеджанұлының айтуынша, білікті кадр даярлау – қаланың инвестициялық дамуының маңызды бөлігі.
«Astana Invest кадрлық әлеуетті дамытуды қаланың инвестициялық дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Бүгінде инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлардың болуы ғана емес, білікті мамандардың қолжетімділігі де маңызды. Осыған байланысты біз инвесторлар, өндірістік кәсіпорындар және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етеміз», – деді ол.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл бизнес қажеттіліктерін ескере отырып мамандар даярлауға және студенттердің практикалық дағдыларды тікелей кәсіпорындарда меңгеруіне мүмкіндік береді.
Өндірістік оқыту шебері Галина Анатольевна дуалды оқыту жүйесінің студенттерге болашақ жұмыс орнын ертерек көруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін колледжде білім алған бірқатар түлек өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін осы кәсіпорындарға жұмысқа орналасқан. Мәселен, колледж түлегі Милана Рогак тігін өндірісіне қызығушылығының арқасында осы салада жұмыс істеп жүр.
«Маған тігін өндірісі өте қызық. Осы мамандықты таңдағаныма қуаныштымын. Қазір осы кәсіппен өмір сүріп келемін деуге болады, себебі бұл сала маған толықтай ұнайды», – деді Милана Рогак.
Ал QAZAQSTAN APPAREL тігін фабрикасының директоры Ислям Дюсембин кәсіпорын жастарды өндірістік тәжірибеден өткізуге дайын екенін айтты. Оның сөзінше, студенттер фабрикада тәжірибеден өтіп, тігіншілермен бірге нақты өндірістік тапсырмаларды орындайды. Жұмыс барысында олардың қызметін кәсіпорын мамандары бақылап, бағыт-бағдар береді. Сонымен қатар студенттер орындаған жұмысына қарай ақы ала алады.
«Біз жастар үшін әрдайым ашықпыз. Студенттер бізге келіп, тігін машиналарының алдында жұмыс істеп, кәсіби дағдыларын дамытады. Бұл – олар үшін оқуын аяқтағанға дейін өндірісті ішінен көруге жақсы мүмкіндік», – деді кәсіпорын басшысы.








