
Талдықорған қаласында патрульдік полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың кезекті дерегін анықтап, жолын кесті. Таңғы уақытта полицейлер Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде 52 жастағы жергілікті тұрғын болған. Тексеру барысында жүргізушінің көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталды. Сот шешімімен ер адам 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Мұндай деректер жолдағы немқұрайлылық пен өзіне шамадан тыс сенімділіктің салдары ауыр болуы мүмкін екенін тағы бір мәрте еске салады. Мас жүргізуші өзіне ғана емес, жолаушыларға, жаяу жүргіншілерге және жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндіреді. Алкоголь адамның зейінін төмендетіп, реакциясын баяулатады және жолдағы жағдайды дұрыс бағалау қабілетіне кері әсер етеді. Кейде бір ғана қате шешім орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмаңыз. Жолдағы жауапкершілік әр адамның жеке таңдауынан басталады.









