
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымына Мақсат Мұқашев тағайындалды.
Мақсат Мұқашев еңбек жолын 2011 жылы Қарағанды облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында экономист болып бастады.
Әр жылдары ол аталған басқармада бас маман, Қарағанды облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінде инспектор, сондай-ақ облыс әкімі аппаратының экономикалық даму және талдау бөлімінде бас маман қызметтерін атқарды.
2016—2021 жылдары Қарағанды облысы әкімі аппаратының экономикалық даму және талдау бөлімін басқарды.
Кейін оның еңбек жолы көлік саласымен сабақтасты. Мақсат Мұқашев Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, кейін басқарма басшысы қызметтерін атқарды.
Жаңа басшыны таныстырған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оның мемлекеттік органдардағы мол тәжірибесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
— Жинақтаған тәжірибеңіз бен кәсіби біліміңіз құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметінде өз әлеуетіңізді толық іске асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін! — деді Ермағанбет Бөлекпаев.









