
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының ауыл тұрғындарымен кездесуі Аққұм ауыл округінде қорытындыланды.
Кездесу барысында аудан басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту, ауыл шаруашылығы саласын қолдау, ауыз су, жол және ирригациялық жүйелерді жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, Аққұм ауыл округінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар кеңінен айтылды. Атап айтқанда, ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу, көшелерді жөндеу, каналдарды бетондау, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жобалардың маңыздылығы сөз болды.
Ауылда су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Жанбол LTD» ЖШС тарапынан тамшылатып суғару әдісімен 886 гектар жерге мақта дақылы егілсе, «Аққұм» ЖШС мен «Қазына-2030» ЖШС жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізген.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында Аққұм ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа ұңғымалар қазылған. Сондай-ақ, демеушілер есебінен «Жастар саябағының» құрылысы басталып, ел игілігіне берілген.
Көшелерді жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Өткен жылдың есепті кезеңінде Ж.Омаров және И.Байдәулетов көшелеріне асфальт төселсе, биыл бірнеше көшеге асфальт және тас төсеу жоспарланып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен іске асуда.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан ауылға кіреберіс автожолды кеңейту, ағын су мәселесі, интернет сапасын жақсарту және жаңа әкімшілік ғимаратын салу мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Кездесуден кейін аудан әкімі зейнеткер, 75 жастағы Асан Маханбет Шекерұлының үйіне арнайы барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Қария ел болашағына қатысты келелі әңгімелерін айтып, аймақтағы іске асып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. Мереке қарсаңында көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.








