
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Балтакөл ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, 2026 жылдың тиісті кезеңінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша есеп берді.Кездесуде аудан басшысы өңір экономикасында тұрақты оң өсім қалыптасқанын атап өтті.
Жиында аудан әкімі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, инфрақұрылым, ауыз су, газдандыру, жол жөндеу және елді мекендерді абаттандыру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
Бүгінде аудан аумағындағы 37 елді мекен толықтай орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар, биыл 7 елді мекенде газ жүйелерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу жоспарланып, жұмыстар басталып кетті. Аудан көлемінде ішкі көшелерді жөндеу, балалар ойын және спорт алаңшаларын салу, елді мекендерді көркейту бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жалғасуда.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл ішіндегі жолдардың жай-күйі, көше жарығы, ауыз су, абаттандыру және инфрақұрылым мәселелері бойынша өз ұсыныстары мен сауалдарын жолдады. Аудан әкімі әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатынын жеткізді.
Жиын соңында Қайрат Жолдыбайұлы тұрғындарды елді мекендердің тазалығын сақтауға, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырып, өңірдің өркендеуі баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.
Кездесуден кейін аудан әкімі 96 жастағы Орынша Абдирасилованың үйіне барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Батыр ананың иығына кестелі орамал жауып, құрмет көрсетті. Қарт ана көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.






