
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Маяқұм ауыл округінің тұрғындарымен кездесіп, округте атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.
Кездесу барысында Маяқұм ауыл округі әкімі аппаратының ағымдағы жылы атқарған жұмыстары сараланып, ауыл шаруашылығы, ветеринария, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, мәдениет, құқық қорғау, абаттандыру және инфрақұрылым салаларындағы жұмыстар таныстырылды.
Ауыл шаруашылығы саласында жайылым жер мәселесін шешу бағытында Маяқұм, Бестам және Қостерек елді мекендерінен ортақ жайылымдық жерлерге мемлекеттік актілер алынғаны айтылып, қосымша жер алу бойынша құжаттар әзірленіп жатқаны жеткізілді. Сонымен қатар, су шаруашылығы бағытында Маяқұм және Аштархан, Бозарық каналдары тазаланып, шаруаларға қолайлы жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар атқарылған.
Әлеуметтік салада ауыл кәсіпкерлері мен азаматтарының демеушілігімен тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, көмір, киім-кешек және қаржылай көмектер көрсетілгені атап өтілді.
Кездесуде ауыл округіндегі денсаулық сақтау, мәдениет және құқық қорғау салаларындағы жұмыстарға да тоқталып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жастар тәрбиесі және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар баяндалды.
Абаттандыру және көріктендіру бағытында сенбіліктер ұйымдастырылып, көшеттер отырғызу, көше жарықтарын орнату, аяқжол салу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Қостерек және Бестам елді мекендерінде ішкі газ құбырын тарту жұмыстары толық аяқталып, негізгі магистральды газ құбырының құрылысы жалғасып жатқаны айтылды.
Жиында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар да таныстырылды. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар көшелерге орта жөндеу және асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, көшелерді жарықтандыру бағытындағы жұмыстар атқарылуда.
Кездесу соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарын бірлік пен ынтымаққа шақырып, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Жиыннан соң аудан әкімі 86 жастағы Күлшат Құдайбергенованың үйіне барып, Қарттар күні мерекесімен құттықтады. Батыр ананың иығына кестелі орамал жауып, құрмет көрсетті. Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің маңыздылығын айтқан қарт ана көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.








