
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрықтың құрылыс барысын бақылады.
Жоба қаладағы көлік қозғалысын реттеуге және жол өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. Жобаға сәйкес, диаметрі 165 метр болатын айналма жолайрық салынып, Сәтбаев даңғылының жол бөлігі кеңейтіледі. Сондай-ақ Жібек жолы көшесі алты жолаққа дейін ұлғайтылып, Есенберлин даңғылынан қосымша кірме жол қарастырылған. Сәтбаев даңғылында көліктердің кері бұрылуына мүмкіндік беретін арнайы жол учаскесі де ұйымдастырылады.

«Бүгін жолайрықтың соңғы арқалығы орнатылды. Енді оның үстіне 20-30 см аралығында бетон жабындысы салынады. Одан соң су өткізбейтін қабат пен екі қабат асфальт төселеді. Бұл жұмыстарды 25 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Осындай жолайрық мегаполис қалалардың бір көрінісі іспеттес. Болашағы жарқын Өскеменде бой көтеретін жолайрық халықтың жұмысына және үйіне кептеліссіз жетуіне мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.

Нысанда жол инфрақұрылымын салу, инженерлік коммуникацияларды қайта құру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Құрылысқа қажетті материалдар толық көлемде сатып алынған. Оның бір бөлігі учаскеге жеткізіліп, қалғаны сақтау қоймаларында орналасқан. Құрылыс сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп, жұмыстар жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларына сәйкес орындалуда.
Одан кейін Нұрымбет Сақтағанов Өскеменнің сол жағалауындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобасымен танысты.
Жоба аясында байдарка мен каноэде жарыстар өткізуге арналған ескек есу арнасының арнайы учаскесін жасау көзделген. Су айдынының ұзындығы 1200 метр, ені 80-110 метр, тереңдігі 2,5 метрді құрайды. Жоба тек спорттық инфрақұрылыммен шектелмейді. Су айдынының жағалауын абаттандырып, тұрғындар мен қала қонақтарының демалуына қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру көзделген.

Атап айтқанда, жағалауда концерт алаңы, балалар ойын алаңы және жағажай волейболына арналған спорт алаңын салу көзделген. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған Арбат ұйымдастырылады.
Осылайша, Өскеменнің сол жағалауында көлік инфрақұрылымымен қатар, спорттық және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталған жобалар да жүзеге асырылмақ.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).









