Астанада «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде

    Астанада «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтуде

    Елордада Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктірген «Дала дәмі» жәрмеңкесі өтіп жатыр.

    Жәрмеңкеге Өскемен қаласы мен өңірдің 11 ауданынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен өңдеуші кәсіпорындар қатысуда. Сонымен қатар іс-шара Ақтөбе облысының өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылуда.

    Елорда тұрғындары мен қонақтарына 50-ден астам түрлі тауар ұсынылды. Сауда сөрелерінен ет пен сүт өнімдерін, шұжық, балық, бал, өсімдік майы, жарма, қымыз және ұлттық тағамдарды табуға болады. Жергілікті өндірушілердің табиғи әрі сапалы өнімдері келушілердің қызығушылығын тудыруда.

    Жәрмеңкеге жалпы көлемі 150,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Оның жалпы құны - 525,6 млн теңге. Өнімдер нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен бағамен сатылуда. Бұл астаналықтарға қажетті азық-түлікті тікелей өндірушілерден тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп отыр.

    Сауда алаңында Шығыс Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынып, жәрмеңкенің көркін қыздыруда.

    «Дала дәмі» жәрмеңкесі ертең, 4 қазанда да жалғасады. Сауда орындары сағат 7:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын жергілікті өнімдермен танысып, тиімді бағамен сауда жасауға шақырамыз.

    Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шара Астана қаласындағы Қарқаралы көшесі, 1 мекенжайында орналасқан ипподром аумағында ұйымдастырылды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі" жаңалықтары