Қазақстанда сүт пен ет өндірісін арттыру мақсатында асыл тұқымды мал басы толықтырылуда

    Қазақстанда сүт пен ет өндірісін арттыру мақсатында асыл тұқымды мал басы толықтырылуда

    Қазақстанда асыл тұқымды мал басы үлесін арттыру және оның өнімділігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

    Басты мақсат – малдың генетикалық әлеуетін жақсарту, сүт пен ет өндірісін ұлғайту және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тиімділігін арттыру.

    2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруға 80 млрд теңге қарастырылған.

    Бұл қаражатқа 40 мың бас ірі қара және 20 мың бас ұсақ мал сатып алу жоспарланған. Биылдың өзінде алыс шетелдерден Қазақстанға 7 234 бас ірі қара жеткізілді.

    Асыл тұқымды мал басын толықтыру жұмыстары еліміздің өңірлерінде де қарқынды жүргізілуде.

    Түркістан облысына жыл басынан бері етті және сүтті бағыттағы 860 бас ірі қара әкелінді. «Азия Милк» тауарлы-сүт фермасына Даниядан голштин тұқымды 165 бас малдың кезекті партиясы жеткізілді. Сонымен аталған шаруашылыққа Даниядан әкелінген малдың жалпы саны 330 басқа жетті.

    Бұған дейін өңірдегі «KazPlemzovod» серіктестігіне етті бағыттағы қалмақ тұқымды 200 бас ірі қара, «Майлыкен Ферм» фермасына Даниядан голштин тұқымды 165 бас және «Dar Organik» фермасына тағы 165 бас голштин тұқымды ірі қара жеткізілген болатын.

    Солтүстік Қазақстан облысында «Буденное СК» серіктестігінің сүт кешеніне Германиядан голштин тұқымды 165 қашардың кезекті легі әкелінді. Бұл – шаруашылыққа жеткізілген бесінші лек. Осылайша, кәсіпорындағы мал басының жалпы саны 825-ке жетті. Барлығы 1 200 бас ірі қара әкелу көзделген.

    Сүт кешенінің құрылысы өткен жылдың күзінде аяқталды. Одан кейін мал басын кезең-кезеңімен толықтыру және өндірістік үрдістерді іске қосу жұмыстары басталды. Алғашқы малдар жыл басында жеткізілсе, наурыз айында фермада алғашқы төл алынды. Мал жеткізу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін шаруашылық импортталған асыл тұқымды мал басымен толық жасақталады.

    Шығыс Қазақстан облысында «Мойылды-Байқоңыр» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасына Ресей Федерациясының Пермь өлкесінен голштин тұқымды 224 қашар жеткізілді.
    Ферма 1 075 бас ірі қара ұстауға арналған. Шаруашылық заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар кәсіпорынның өз жемшөп базасы бар. Шаруашылыққа 4 500 гектардан астам егістік жер тиесілі. Бұл мал басын қажетті жемшөппен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    Қабылданған шараларды іске асыру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мал басын кезең-кезеңімен жаңартуға, жануарлардың өнімділігін арттыруға және өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл жұмыстар отандық сүт пен ет өндірісін ұлғайтуға, шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға және олардың өндірістік базасын нығайтуға негіз жол ашады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары