
Қарағанды облысында агроөнеркәсіптік кешеннің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірде суармалы егіншілік, сүтті мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау, сондай-ақ балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы жобалармен танысты.
Баспасөз турына қатысушылар өндірістік қуаты кеңейтіліп жатқан кәсіпорындарды аралап, шикізат базасын қалыптастыру, заманауи технологияларды енгізу және өндіріс көлемін ұлғайту бағытындағы жұмыстарды көрді.
Сапар барысында жиналғандар Шахтерское ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған «Шахтерское» сеоіктестігіне барды. Кәсіпорынды Қазақстанның Еңбек Ері Георгий Прокоп басқарады.
Шаруашылық тұқымдық картоп пен дәнді дақылдар өсіруге маманданған. Кәсіпорын элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие және дәнді дақылдардың бастапқы тұқым өндірушісі саналады.
Қазіргі таңда мұнда екі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Оның бірі — 1 792 гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу. Екіншісі — сыйымдылығы 15 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасын салу.
Кәсіпорын өндірісті дамытумен қатар, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға да тұрақты түрде атсалысып келеді.
«Біз ауылымызда тұратын және еңбек етіп жатқан тұрғындар алдындағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. Әлеуметтік жауапкершілік біз үшін кәсіпорын қызметінің жекелеген бағыты емес, оның жалпы даму стратегиясының ажырамас бөлігі. Сондықтан өндірісті дамытуға инвестиция салумен бірге, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға, қызметкерлеріміздің өмір сүруі мен еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға да қаржы бағыттаймыз», — деді Георгий Прокоп.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың маңызды бағыттарының бірі — сүтті мал шаруашылығы.
«МФ Рамадан» сеоіктестігінің тауарлы-сүт фермасында өндірісті кеңейтуге бағытталған, құны 4,8 млрд теңге болатын инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазір фермада 1 мыңнан астам ірі қара бар. Жоба толық іске қосылғаннан кейін мал басын 1,5 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 27 тонна сүт өндіреді. Мал басының көбеюі өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, өңірдегі сүт өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндігін кеңейтеді.
Шикізат өндіруден бастап оны дайын өнімге айналдыруға дейін 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Нәтиже сүт фабрикасы» серіктестігінің қызметінен көруге болады.
Кәсіпорын сүтті қайта өңдеп, өнімнің 30-дан астам түрін шығарады. Зауыттың тәулігіне 86 тонна шикізатты өңдеуге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда өндірістік қуаттың 73 пайызы пайдаланылуда.
Кәсіпорын өнімдерінің қатарында сүт, айран, йогурт, «Снежок» сусындары, ацидофилин, «Нарине», қаймақ, сүзбе, сүзбе суы, сүзбелі масса, құрт, сары май, ірімшіктің бірнеше түрі және басқа да сүт өнімдері бар.
Кәсіпорын шикізатты 22 қабылдау-дайындау бекеті арқылы сатып алады. Өндірісте 191 адам еңбек етеді. Негізінен өнімді Қарағанды, Астана, Екібастұз және Павлодар қалаларына өткізеді.
Кәсіпорынның Қарағанды облысы нарығындағы үлесі 30 пайызға, ал Қазақстан нарығындағы үлесі 2 пайызға жуықтайды. Сонымен қатар кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді қолдау шаралары аясында мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту дәстүрлі бағыттармен ғана шектелмейді.
Соның бірі — бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге, қара уылдырық өндіруге, балық өнімдерін қайта өңдеуге және өткізуге маманданған «Қарағанды Осетр» серіктестігі жобасы.
Кәсіпорында сүйрік, орыс бекіресі, сібір бекіресі, бекіре (белуга), сондай-ақ қалқанша мен амур бекіресінің буданы өсіріледі.
Балық өсіру үшін артезиан ұңғымаларынан алынатын су пайдаланылады. Су қосымша тазартудан, соның ішінде ультракүлгін сәулемен зарарсыздандырудан өтеді.
Кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымына балық өсіретін бассейндер, суды оттегімен байыту және терең тазарту жүйелері, сорғы станциялары, желдету камералары, ыстау цехы, сондай-ақ өнімді қайта өңдеу және қаптау учаскелері кіреді.
Балық өсіру аймағының жобалық қуаты жылына 2,5–3 тонна қара уылдырық өндіруге есептелген. Кәсіпорын қара бекіре уылдырығын, салқындатылған және тірі балықты, сондай-ақ өзге де балық өнімдерін шығарады. Балықтардың халықаралық CITES сертификаттары бар.
Баспасөз туры аясында көлемі жағынан ең ірі нысан — 6 мың бас сауылатын малға арналған «Евразия инвест» серіктестігінің тауарлы-сүт кешені болды.
Кешеннің қуаты 1,2 мың басқа арналған бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Қазір 2,4 мың басқа арналған екінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Қуаты осындай үшінші кезеңді іске асыруды 2028 жылы басталмақ.
Кешен толық ісңе қосылғанда сауылатын сиыр саны 6 мың басқа жетеді. Ал төлдерді қоса есептегендегі жалпы мал басы 15 мыңнан асады. Жыл сайынғы сүт өндіру көлемін 70 мың тоннадан асыру жоспарланып отыр.
Жеке жемшөп базасын қалыптастыру үшін компанияның жалпы аумағы 56 мың гектар жер қоры бар. Оның ішінде 10 мың гектары — суармалы жер.
Кешеннің өндірістік инфрақұрылымында қуаты 35 мың тонна болатын элеватор да бар. Алдағы уақытта оның сыйымдылығын 50 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Дәнді және майлы дақылдардың сапасы кәсіпорынның жеке зертханасында бақыланады.
Бұдан бөлек, шаруашылық аумағында сыйымдылығы 17 мың тонна болатын көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта тағы үш нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар пайдалануға берілгеннен кейін сақтау қуаты қосымша 35 мың тоннаға артады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және өндірісті жаңғырту бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырып келеді.









