Еңбек адамы. Абзал Ералиев: туған жерге қызмет ету

    Табысты агробизнес өңір экономикасын дамытып қана қоймай, тұтас бір ауылдың тыныс-тіршілігін өзгерте алады. Мұны Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал и Компания» серіктестігінің негізін қалаған Абзал Ералиев өз ісімен дәлелдеп келеді. Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында дүниеге келген азамат туған жерінің дамуына 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Бүгінде ауылда өмір сүруге, еңбек етуге, спортпен шұғылдануға және демалуға барлық жағдай жасалып, еліміздегі үлгілі ауылдардың қатарына қосылды.

    Абзал Ералиев еңбек жолын 1984 жылы Қызылорда үй құрылысы комбинатында құрылыс шебері болып бастаған. Кейін прораб, монтаждау учаскесінің бастығы қызметтерін атқарды. Құрылыс саласында жинаған тәжірибесі мен іскерлік қабілеті оның кәсіпкерлікке қадам басуына жол ашты.

    1994 жылы ол күріш өсіру және өңдеумен айналысатын «Абзал и Компания» серіктестігін құрды. Содан бергі отыз жылдан астам уақытта шағын шаруашылық ірі кәсіпорынға айналды. Бүгінде компанияның өнімі Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері мен Еуропа нарығында да танымал.

    Дегенмен Абзал Ералиев үшін жетістіктің өлшемі өндіріс көлемі мен экономикалық көрсеткіштер ғана емес. Ол туған жерінің өркендеуіне де айрықша көңіл бөліп келеді. Ауылдың дамуына бағытталған қомақты қаржы елді мекеннің келбетін жаңартып, заманауи инфрақұрылым қалыптастырды.

    Ауылда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жаңартылды. Көрікті аллеялар, субұрқақтар, орталық сағат пен мешіт бой көтерді. Кәсіпкердің қолдауымен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 1000 орындық стадион, спорт және жаттығу залдары бар заманауи спорт кешені салынды.

    Туған жер тарихын ұлықтап, елге еңбегі сіңген азаматтардың есімін кейінгі ұрпаққа танытатын нысандарға да ерекше мән берілген. Жаңартылған «Тағзым» алаңында ауылдан шыққан батырлардың есімдері мәңгілікке жазылды. Ал ауыл орталығында бой көтерген «Еңбек аллеясы» бірнеше буын ауыл тұрғынының адал еңбегіне көрсетілген құрметтің символына айналды.

    Ауылдың өркендеуі абаттандыру жұмыстарымен ғана шектелмейді. Кәсіпорын жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, өндіріс көлемінің артуы өңір экономикасының дамуына ықпал етіп отыр. Осылайша, кәсіпкерлікке салынған инвестиция нақты әлеуметтік нәтижелермен сабақтасып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға қызмет етуде.

    «Абзал и Компания» серіктестігі жылдар ішінде күріш өндірісі саласындағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналды. Компания күріш өсірумен және өңдеумен айналысып, өнім сапасын арттыруға, жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген жаңа сорттарды өсіруге басымдық береді. Абзал Ералиев облыстық Күріш өндірушілер мен өңдеушілер қауымдастығына жетекшілік етіп, осы саланың өңірде өркендеуіне де үлес қосып келеді.

    Кәсіпкерліктің тағы бір бағыты – тұз өндіру және өңдеу. Кәсіпорын «Ассоль» брендімен тәулігіне 200 тоннаға дейін өнім шығарады. Өнім Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіліп, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Моңғолия, Латвия және Литваға экспортталады.

    Кәсіпкерлік қызметімен қатар Абзал Ералиев қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласты. 2012–2016 жылдары Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, 2016–2021 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

    2013 жылы мемлекет пен қоғам алдындағы айрықша қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Абзал Ералиевке ең жоғары мемлекеттік марапат – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» табысталды.

    Абзал Ералиевтің өмір жолы – туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты іспен дәлелденетінінің жарқын үлгісі. Ол негізін қалаған кәсіпорын күріш шаруашылығының дамуына серпін беріп, экспорт көлемін ұлғайтуға және халықты жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Ал туған ауылына салған инвестициясы елді мекеннің ажарын ашып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жақсартты.

    Туған жердің дамуына үлес қосу – елге қызмет етудің жарқын көрінісі. Ал осы жолдағы табанды еңбек пен нақты істер кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары