
Астанада жыл сайынғы халықаралық «EURASIAN AGRICOM-2026» конференциясы өтті. Астық өндіру, саудалау, логистика және қайта өңдеу мәселелері бойынша диалог алаңына айналған маңызды салалық іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сакен Қаныбеков қатысты. Форумға 300-ден астам делегат жиналды. Олардың қатарында қазақстандық жетекші астық компанияларының, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық трейдерлер, логистикалық операторлар, сондай-ақ талдау және қаржы ұйымдарының өкілдері бар.
Конференция барысында қатысушылар астық нарығындағы жаһандық үрдістерді және 2026 жылғы өнім көлемінің болжамын, 2026-2027 маусымындағы сауда перспективаларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру бағыттарының бірі ретінде Солтүстік Қазақстан жағдайында жүгері өсірудің қытайлық технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.
Конференция қатысушылары әсіресе Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық саладағы стратегиялық әріптестікті дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударды.
Панельдік пікірталастар барысында сарапшылар сауда тетіктерін институционалдандыру, ынтымақтастықтың стандартталған үлгілеріне көшу және қазақстандық компаниялардың Қытай Халық Республикасының жетекші электрондық сауда алаңдарындағы саудаға қатысу перспективаларын қарастырды.
Конференция қорытындысы мемлекеттің және бизнестің бірлескен күш-жігері елдің экспорттық әлеуетін нығайту және тұрақты логистикалық тізбектерді дамыту үшін аса маңызды екенін көрсетті.








