
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Алтай Шоқанұлы Күздібаев Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында қала әкімінің орынбасары Айдас Мүсірәліұлы Тоғызбаевпен бірге «Жібек жолы» және «Қаратау» тұрғын үй кешендерін аралап, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынына назар аударылды.
Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының қазіргі ахуалы, аумақтарды кешенді дамыту, алдағы жобаларды іске асыру және тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды.
2027 жылы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ тарапынан Түркістан қаласында 48 кредиттік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Жоба аясында жалпы ауданы 129,2 мың шаршы метрді құрайтын 2 378 пәтерді пайдалануға беру көзделген.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Түркістан қаласында 125,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы 85,9 мың шаршы метрді құрады.Жалпы, жыл басынан бері қалада 1 397 азамат баспаналы болды.









